2024 жылдың 29 қарашасында Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен “Қоғамдық келісім” КММ ұйымдастыруымен «Достық» кубогы үшін QUIZ интеллектуалды сайысы өтті.
Мақсаты — бірлік пен татулықты, достықты дәріптеу, қоғамдық келісімді нығайту.
Сайысқа облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Ассамблея жастары және облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты орталықтардың қызметкерлері қатысты.
Сайыс 7 кезең бойынша өтті. Әр кезеңнің сауалдары қиын әрі қызықты болды. Әсіресе Ва Банк және Капитандар туры тартысты өтті.
Сайыс арасында қатысушылар арнайы жайылған дастарханнан дәм татты.
Квиз барысында облыстық қоғамдық даму басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Ерлан Сисенбиев және “Қоғамдық келісім” КММ директоры Бақытжан Камалов сөз сөйлеп, сайыс танымдық білім жетілдірудегі ұтымды бастама екендігін алға тартты. Алдағы уақытта басқармаға қарасты орталықтар осындай игі іс-шараларды дәстүрге айналдырса деген пікірлерін білдірді.
Шығармашылық даму мен рухани азық сыйлаған Достық QUIZ-де 1 орынды облыстық Жастар ресурстық орталығы мекемесінің “Syr Jastary” тобы жеңіп алып, өтпелі Достық кубогының иегерлері атанды. 2 орынды этномәдени бірлестіктердің белсенділерінен құралған “ Шаңырақ” тобы, 3 орынды “Қоғамдық келісім” мекемесінің “Dos like” тобы қанжығасына байлады.
Квиз сайысын өткізуге қолдау білдірген Қызылорда облыстық Корей этномәдени бірлестігіне зор алғыс білдіреміз!