Бүгін Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Салалық «Агроөнеркәсіп кешені» және «Өнеркәсіп» кеңестерінің бірлескен отырысы өтті.

Жиынды Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Пірмұхаммед Сыздық жүргізді.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлмира Сыздықова кәсіпкерлерге арналған санитарлық талаптардағы жаңашылдықтар мен өзгерістер туралы айтып берді. Кәсіпкерлер арасында, әсіресе азық-түлікпен, тамақ өндірісемен айналысатын кәсіп иелері үшін санитарлық талаптарды сақтау аса маңызды, осы орайда олардың мәселелеріне қатысты сұрақтарға сала маманы жауап беріп, оған қосымша Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының есігі кәсіпкерлерге кеңес беру үшін әрдайым ашық екендігін жеткізді.

Бизнес өкілдері үшін тағы да маңызды мәселелердің бірі – Өнімге сәйкестік сертификатын алудың талаптары. Бұл сұрақ бойынша «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ-ның сарапшы-аудиторы Бактыгүл Шаханова толық түсіндірме беріп, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.

Өңір кәсіпкерлері шағын индустриалды аймақтарды құрып, оны көбейту – аймағымыздың кәсіпкерлігі дамып, экономикалық тұрақтанудың бірден-бір жолы деп біледі. Осыған орай, кәсіпкерлерден келіп түскен ұсыныстар аясында «Байқоңыр» ӘКК АҚ-ның «Инвестициялық даму және жобаларды жүзеге асыру» басқармасының басшысы Бибігүл Үмбетова облыста Шағын индустриалды аймақтарды құру және жобаны қаржыландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқтала кетті.

Кеңес отырысы қатысушылар үшін пайдалы ақпаратқа толы жиын болды. Олар кәсіптерінің әрі қарай дамуы үшін қажетті көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алып, жиыннан кейін мекемелерінде орын алған келеңсіздіктерін жоюға жұмыс жасамақ. Осы ретте, Палатаның тікелей міндеті де кәсіпкерлердің мәселелерін заң аясында шешіп, атқарушы органдармен байланыстарын нығайту болып табылады.

БӨЛІСУ