Уақытпен санаспай ерен еңбектің көрігін қыздырған, апаттық кезде күнді түнге, түнді күнге ұластырып, кірпік ілмей қарекет ететін қағылез жандар болады. Солардың бірі – «Су жүйесі» мекемесіне қарасты ауыз су мен кәріз су нысандарын пайдалану бөлімінің маманы Болат Назаров.
Болат Назаров тәуліктің қай мезгіліне қарамастан, өжіреге түсіп, кәріз суын белуардан кешіп, әрбір ақауды дер кезінде жөндеп, тұтынушыға жеткенше жаны жай таппайды. Тұрғындар талабы орындалғанда олар да еңбек рахатына бөленеді, біткен іске балаша қуанады.
Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, жер шарының 74 пайызын су алып жатыр. Соған қарамастан, бүкіл әлемде су тапшылығы бар. Соның ішінде, әсіресе таза ауыз су мәселесі өзекті. Ал, сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Оның 1,7 миллиарды тұщы су көздеріне зәру. Бұл – әлемді алаңдатқан ахуал. Мұның қасында Қызылорда қаласында ауыз су қалыпты.
Су мамандары қыстың көзі қырауда да ел үмітін ақтауға тырысып бағуда. Сол топтан Болаттың бейнеткеш болмысы байқалады. Ол 16 жылдан бері үзіліссіз еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман.