Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төртінші отырысы өтті.
Отырыстың модераторы – Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Нұрмұрат Ерманов болды. Іс-шараға облыстық, қалалық, аудандық Ақсақалдар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері қатысты. Кеңес отырысында жұқпалы инфекциялық аурулардың алдын алуға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар және басты мәселелері қаралды.
Кеңесте Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқаимованың және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова ақпараттары тыңдалды.
2024 жылдың 9 ай қорытындысымен Қызылорда облысында бірқатар жұқпалы аурулар аурушандығы бойынша тұрақты эпидемиологиялық ахуал қалыптасқандығын және облыс тұрғындары арасында жалпы тіркеуге алынатын 102 инфекциясы түрінің 56-сі тіркелмегендігін атап өтті. Сондай-ақ жұқпалы аурулардың бірқатарынан өсу байқалатындығын алға тартты. Соның ішінде жұқпалы аурудың көбеюіне себеп – екпенің егілмеуі болып отыр. Вакцинадан бас тартқандар қатарында жұқпалы аурулар жиі кездесіп, арудың өршуіне әкеліп соғуда деді сала мамандары.
Кеңес мүшелері өз кезегінде күн тәртібінде көтерілген мәселеге орай баяндамашыларға бірнеше сауалдар қойды. Бұл бағытта алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға қатысты ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Баяндамашылардың берген ақпараттары бойынша тиісті орындарға ресми түрде ұсынымдар жолданатын болды.
Шара соңында үстіміздегі жылы белсенді қызмет атқарған Ақсақалдар кеңестерінің мүшелері марапатталды.

БӨЛІСУ