Достық үйінде Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің қорытынды отырысы өтті. Оған Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Әбілдаев, облыстық ҚХА жанындағы қала және аудандық Аналар кеңесінің төрағалары мен мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Қатысушылар ең бірінші Достық үйінің фойесінде әзірленген «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттен қолдау алған аналардың көрмесімен танысты.
Қорытынды отырысты кеңестің төрағасы Айгүл Мұсабаева жүргізіп, жыл бойы атқарылған іс-шараларды қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі құрылған күннен бастап отбасы құндылықтарын нығайтуда, ұлттық рухты қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда облыс көлемінде құрамында 144 мүшесі бар 9 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Жыл басынан бері республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы ішінде «Салауатты сана», «Сарбаздар анасы», «Алтын шаңырақ», «Күміс кереге»жобалары негізінде Сыр өңірінде 56 іс-шара ұйымдастырылып, оған 2258 адам қатысты. Сыр өңіріндегі Аналар кеңесінің жұмысына оң баға беріліп, республикалық Аналар кеңесінде «Ұлағатты қоғам» номинациясын иеленді. Өңірлік кеңестің жұмысын тәжірибе алаңы ретінде республика көлемінде тарату керектігі атап өтілді,-деді.
Мұнан соң Сырдария аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Балшекер Өтегенова, Шиелі ауданы бойынша Аналар кеңесінің төрағасы Патима Махамбет, Жалағаш ауданы бойынша Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Гүлдаш Тоқпанбетова аталмыш аудандарда жыл бойына атқарылған жұмыстарға есеп берді.
Отырыс барысы Аналар кеңесі мүшелерінің ұсыныс-пікір білдіруімен жалғасты.
Қорытынды сөз облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Әбілдаевқа берілді.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің 10 жылдық мерейтойы құтты болсын! Бүгінде отбасы құндылығын кеңінен насихаттау және үлгілі жанұяларды қоғамда дәріптеу мақсатында қала және барлық аудандарда ҚХА жанындағы аналар кеңесі жұмыс істеуде. Аналар кеңесінің негізгі міндеті – ата-анамен бала арасындағы қарым-қатынасты дамыту, ана болу институтын қалыптастыру және жанұядағы ұлттық салт-дәстүрлерді нығайту болып табылады.Осы ретте облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің жұмысының нәтижесі жоғары»,- дей келе, көтерілген мәселелер мен ұсыныстарға сәйкес тиісті тапсырмаларды жүктеді.
Іс-шара соңында облыстық Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Бақтыгүл Мұсағалиева денсаулық сақтау саласындағы жемісті еңбегі үшін ҚР денсаулық сақтау министрлігінің алғыс хатын иеленді. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесіне 10 жыл толуына орай қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттауға арналған шараларға белсене араласып, атқарған игілікті істері үшін Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюповтың Алғыс хаты 8 аудандық Аналар кеңесінің төрағаларына табысталды.

БӨЛІСУ