Бүгін қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, жерлесіміз Байбота Қошым-Ноғайдың 70 жылдығына арналған «Көкірегі – көктем-жыр» атты әдеби-сазды кеш өтті.

А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен кеш арнайы жазылған тақырыптық қойылыммен басталды.

Алашқа белгілі ақынның туған жер төріндегі шығырмашылық кешіне арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев шаһар басшысының құттықтау хатын табыстап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып құрмет көрсетті.

Әдеби-сазды кешті жазушы-драматург, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат Әлмашұлы жүргізіп, Байбота Қошым-Ноғайдың сан қырлы болмысын, шығармашылық ерекшелігі туралы кеңінен ақпар беріп отырды.

Кеш иесін құттықтауға шыққан Қазақстан Жазушылар Одағының Қызылорда облысындағы өкілі, белгілі ақын Қаршыға Есімсейітова, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленова, балалар ақыны, педагогика ғылымдарының докторы Рахат Наурызбаевалар авторға деген жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Ары қарай қоғам қайраткерлері, Сыр елінің ардақты азаматтары Айтбай Көшербаев пен Өлмесхан Болатбеков ақынға деген ақжарма тілегін ақтарып, туған жер құшағындағы бұл кештің маңызы ерекше екенін тілге тиек етті.
Ақынның балалық шағы мен жалынды жастық кезеңдерін сомдап, көрерменге ерекше әсер сыйлаған қалалық Жастар театры әртістері мен С.Сейфуллин атындағы №4 IT лицей оқушылары лирикалық өлеңдері мен балаларға арналған туындыларын оқып кеш көрігін қыздыра түсті.

Сондай-ақ, белгілі журналист, сатирик Нұрмахан Елтай, ақынның ізбасар інілері ақын Елубай Әуезов пен Қуат Адис, жас ақын Бексұлтан Санақұл мерейтой иесіне арнаған өлеңдерін оқып, ізгі лебіздерін айтты.

Сонымен қатар, ақын Байбота Қошым-Ноғай қорытынды сөз алып, туған жерге, кешті тамашалауға келген оқырманға, кешті ұйымдастырған ел азаматтарына шынайы алғысын жеткізді.

Кеш соңында ақынның «Үлпет» атты жаңа кітабының тұсауы кесіліп, бірнеше кітабы көрермендерге сый ретінде ұсынылып, қала өнерпаздары Жарылқасын Оразғұлов, Айгерім Өмірбек, Елжан Берістенбаевтар әннен шашу шашты.

БӨЛІСУ