Қала әкімі Нұржан Ахатов «Су жүйесі» мекемесіне арнайы барып, кәсіпорынның материалдық-техникалық базасының жай-күйімен танысты. Мекеме базасында шаһар басшысы Нұржан Сәбитұлы «Тұрғындарға сапалы қызметті арттыру бағытында облыс әкімінің тікелей қолдауымен кәсіпорынға қажетті техникалар алынуда, ауыз су жүйелері де жаңаланып, белгіленген қысыммен тұтынушыларға ауыз су жеткізілуде. Дегенмен, аракідік орын алатын апаттық жағдайларды мекеме мамандары жедел қалпына келтіруі қажет» деді. Сондай-ақ, бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтің де тұрғындардың өтінішіне дер кезінде кері байланыс орнатып, түсіндірме беруінің маңыздылығын атап өтті.
Қала бойынша ауыз су сапасын арттыру және кәріз жүйелерінің жұмысын жүйелендіру бағытында мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары облыс әкімінің қолдауымен жалғасын табуда. Айта кету керек, бүгінде кәсіпорын теңгерімінде 976,12 шақырым ауыз су жүйесі, 11 дана ІІ-ші су көтеру насос станциясы, 112 ұңғыма, 6 дана су қысымын көтеру насосты станциясы және Тасбөгет кентінде бас су жинау кешені бар. Тұтынушыларға тәулігіне 74-78 мың текше метр ауыз су өндіріліп, таратылып отыр.