«AMANAT» партиясының дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының аймақтық кезеңі мәреге жетті. Биыл алғаш рет аймақтық деңгейде ұйымдастырылырған әдеби конкурс қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар халық жазушысы, аса көрнекті қаламгер, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойы аясында өтті.

Шығармашылық доданың басты мақсаты – ұлттық болмысты, рухани құндылықтарды паш ететін, креативті идеяларға ие жас қаламгерлерге, отандық авторларға қолдау көрсету және шығармаларын насихаттау. Сонымен қатар ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қуатты қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармаларындағы тағылымды ойлар мен ескірмес образдарды өскелең ұрпаққа дәріптеу.

Партияның облыстық филиалы ұйымдастырған додаға қатысушылар 3 номинация бойынша бақ сынады. Байқауда «Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығы» арнайы жүлдесі де қарастырылды. Сайысқа 50-ге жуық өтініш келіп түсіп, оның 30-ы ақтық кезеңге жолдама алды.

Cонымен «Поэзия» жанры бойынша жүлделі үшінші орын Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының мүшесі, Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегері, облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Тұрар Бекмырзаевқа, екінші орын облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының лауреаты, «Qyzylorda» телеарнасының сарапшы-редакторы Елжас Әбділдаға берілсе, ҚР Журналистер одағының мүшесі, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы, «Сыр дарыны – 2021» номинациясының иегері Дина Бөкебай жеңіпаз болып танылды.

«Проза» жанры бойынша үшінші орын Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Серпін» жастар сыйлығының иегері Гүлнар Дүйсебаева, екінші орын «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шығармашылық байқаудың лауреаты, республикалық, аймақтық бірнеше байқаудың бас жүлдегері. Қызылорда облысы әкімінің «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері Ерасыл Шәрібекке бұйырса, Ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі. «Жолқараған» жыр жинағының авторы Биболат Сатжанов бірінші орынды жеңіп алды.
Қазалылық Жанар Диханова, Жалағаш ауданын келген Сандуғаш Жұбанова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3 курс студенті Алтынай Дулатқызы, «Ескендір ЖК» есепшісі, белсенді жас Рахима Касымова «Балаларға арналған шығарма» жанры бойынша 100 мың теңге қаржылай сыйақы мен номинацияға ие болды.

Ал, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай тағайындалған номинация және қаржылай 100 мың теңге сыйақы Арал ауданы, Жақсықылыш кенті №19 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанар Сағатоваға табысталды.

БӨЛІСУ