Сыр өңірінде «Руханият жылы» өтуде.
Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы туралы мәлім етті.
«Биыл Сыр өңірінде «Руханият жылы» жарияланып, игі бастама халқымыздың жыл басы, жаңару кезеңі саналған Наурыз айынан басталды» – деді облыс әкімі.
Мәдениет саласында 1000 орындық көпфункционалды «Өнер орталығы», «Отбасы орталығы» пайдалануға берілді. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдері көптен күткен игілік «Жыраулар үйі» жұмысын бастады.
Айта кетейік, биыл 11,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, барлық ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі біріктірілген «Руханият» орталықтарының құрылысы басталды. Бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүр насихатталады.
«Руханият жылы» аясында сол жағалаудан құны 2,3 млрд теңге болатын облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратын салу жұмыстары басталды. Соңғы 2 жылда симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, «Анаға тағзым»орталығының, заманауи би және хор ұжымы жаңадан жасақталды.
Былтырдан бері мәдениет және өнер, әдебиет өкілдеріне жыл сайын «Тұран» арнайы сыйлығы табыстала бастады. Дәстүрлі сыйлық екі жылда 40 лайықты тұлғаға берілді.
Жылдар бойы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесімен «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконстуркциялары, «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» алтындатқан мүсіндері жасалып, облыстық музей қорына өткізілді.
Халықаралық «Түрксой» ұйымының шешімімен мәдениет және руханият саласында атқарылған жұмыстар үшін Сыр өңіріне түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы берілді.
Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан құны 11 млрд теңге болатын «Шығармашылық академиясы» салынуда. Мұнан бөлек, халықаралық стандарттарға сай келетін 11 мың орындық «Орталық стадион» және жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.
Жуырда ғана сол жағалаудан «Үстел теннисі орталығы» ашылды. Жастар мен балаларды спорттық үйірмелермен қамтуға мүмкіндік беретін «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені салынады, тағы 10 кешеннің құрылысы басталды.