2024 жылғы 15 қарашада «Болашақ» медициналық колледжінің конференц залында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы мен «Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының кауымдастығы» заңды тұлғалардың бірлестігі бірлесіп «Ерлік» қағидатын насихаттауға бағытталған «Қазіргі заманның батырлары» тақырыбында кездесу шарасын өткізді.

Аталған шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі (Қызылорда қаласы), Қызылорда облысының полиция департаменті, Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжінің және «Болашақ» жоғары колледжінің студенттері қатысты.

Кездесу барысында алғаш болып төтенше жағдайлар саласында 35 жылдан астам еңбек өтілі бар Мамбетяров Арыстанбай Тұрсынбайұлы сөз алып, ағымдағы жылы көктем кезінде республиканың бірқатар өңірлерінде су тасқыны салдарын жою және су басу қаупі бар аймақтарда жүргізілген ауқымды құтқару шаралары туралы сөз сөйледі.

Содан кейін екі мәрте «Ерең еңбегі үшін» медальінің иегері, Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі патрульдік полиция батальоның взвод командирі, полиция капитаны Сатенов Бектұр Амангелдіұлы өрт лаулаған 2 үйден 4 адамды құтқарып қалғаны жайлы, батылдыққа бару, адам өмірін ажалдан арашалау жағдайларын жария етті.

Кезекті сөз сөйлеуші болып 20 жыл уақыт медицина саласының жедел-жәрдем қызметінде жұмыс жасаған, яғни 1993-2013 жылдар аралығында Жалағаш ауданының «Аққолқа» елдімекенінде жедел-жәрдем пунктінің фельдшер қызметін атқарған Елемесова Аида Маганатқызы 2004 жылы жедел-жәрдем автокөлігімен аяғы ауыр келіншекті перзентханаға алып келе жатқан кезінде әйелді толғақ қысып, автокөлікте келіншекті босандырып, ана мен нәрестені аман-есен перзентханаға жеткізгені туралы оқиғаға тоқталды.

Одан кейін Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі Қызылорда қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Бектілеуов Ербол Сәндібекұлы 2021 жылы 14 мамырда Қызылорда қаласы, Абай даңғылы, №46 мекенжайдағы көпқабатты тұрғын үйдің өртке оранған қос пәтерден 12 ересек және 2 баланы қауіпсіз жерге шығарғаны және жағдайы ауыр 1 адамды дер кезінде жедел-жәрдем қызметіне тапсырғаны жайлы сөз тарқатты.

Соңғы спикер ретінде Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушысы Әмірханов Еркін Қалдыбекұлы 2024 жылғы 1 сәуірден бастап Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы су тасқыны залалын жоюға көмек көрсету бағытында адамдары қауіпсіз жерлерге орналастыру, ірі қара мал басын сақтап қалу бағытында атқарылған жұмыстарды айтып өтті. Яғни ағымдағы жылғы 2-6 сәуір күндері аралығында Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Әйке ауылындағы су тасқыны кезінде құтқару және эвакуациялау жұмыстар барысында өзінің уақытпен санаспай, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, 1 395 ауыл тұрғынын су басқан аумақтардан қауіпсіз жерлерге орналастыру жұмыстарына қатысқаны, 7-11 сәуір күндері Қостанай облысы, Тобол өзені жағасын құммен қаптарды толтырып бөгетті бекіту жұмыстарына атсалысқаны, қауіпті аумақтарда кезекшілік жүргізгені, 19-20 сәуір күндері Батыс-Қазақстан облысы, Орал қаласы аумағында орналасқан саяжайлар тұрғындарын эвакуациялау мен бөгеттерді күшейту жұмыстарына жұмылдырылғаны, 24 сәуір – 21 мамыр күндері Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылында Жайық өзеніндегі мол судың салдарынан аралда қалып қойған 172 бас малдарды қауіпсіз жерге шығару жұмыстары жайлы ақпаратпен бөлісті.

Кездесу шарасы Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Әбілдаев Қуаныш Әділбайұлының кәсіби шебер және қайсар мінезді батылдарымызға «Алғыс хат» табыстаумен жалғасты.
Дана халқымызда «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген сөзді өсиет еткен кездесуге қатысушылар адам өмірін құтқарып қалу үшін жедел шешім қабылдап, дер кезінде көмекке барып, батылдық жасаған азаматтарымызға қандай құрмет көрсетілсе де жарасатынын алға тарты.

Кездесуге қатысушы жастар спикерлерге сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды.
Кездесу шарасы естелік фотоға түсумен қорытындыланды.

БӨЛІСУ