Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп атады. Қазіргі таңда, өңірде 28 колледж бар. Оның ішінде 19 колледжде 45 мамандық 49 біліктілік бойынша жұмысшы кадрларды даярлау жүзеге асырып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов айтты.
Аймақта студенттердің 35,7 пайызы жұмысшы мамандығы бойынша білім алып жатыр.
-Облыстық білім басқармасы Жолдаудан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында ағымдағы жылы аймақтағы техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамытудың кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылы 9 сыныпты бітірушілердің жұмысшы және орта буын мамандықтары бойынша білім алуға ниетті жастарды 100 пайызтегін кәсіптік біліммен қамту жоспарланған болатын. Осыған орай, келесі жылға республикалық бюджеттен 2200 орын, жергілікті бюджеттен 3108 орын, барлығы – 5308 орын мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр, – деді Бағдат Бердәулетов.
Баланы отбасында тәрбиелеу қағидатын ұстанатын және баласын балабақшаға жіберуге асықпайтын ата-аналар үшін консультациялық пунктердің желісі кеңеюде. Қызылорда облысында ата-аналарға арналған 161 консультациялық пункт жұмыс істейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте белгілі болды. БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов жыл басынан бері атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
– Жыл басынан бері консультациялық пункттерге 312 бала қамтылып, олардың білім, білік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Аймақтағы мектепке дейінгі ұйымдардың базасында инновациялық педагогикалық тәжірибелерді тарататын 48 құзыреттілік орталық жұмыс істейді. Биыл алғаш рет мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері бірінші сыныпқа келетін барлық мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиеленушілерінің жеке даму карталарын цифрлық форматта толтыруда. Бүгінгі таңда облыста мектеп жасына дейінгі балалардың 100 % жеке даму картасы толтырылған, – деді Бағдат Камбозұлы.