Бүгін партияның қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева мен Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қаладағы өзекті мәселелер бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізді.

Бұған дейін Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентіндегі жаңадан берілген 135 пәтерлі көп қабатты үйдің кәріз жүйесінде ақау пайда болғаны жайында азаматтар тарапынан өтініш түскен.
Тұрғындардың айтуынша 1 сорғы қондырғысы күйіп кетіп, істен шыққан. Мердігер мекеме 2 жылдық кепілдікпен сорғы қондырғысын алып берген. Жауапты сала мамандары мәселені дер кезінде шешіп берді.
Бұдан бөлек, Ә. Молдағұлова көшесі, №2 үй (16 пәтерлік, 1989 ж салынған) апаттық деп танылған. Аталған үйдің тұрғындарына 2022-2023 жылдары жаңа пәтер беріліп, көшірілді. Дегенмен, 5 отбасы құжаттарының уақытында рәсімделмеуіне байланысты тұрғын үй алу кезегіне кеш тіркелген. Ескі үйдің 11 пәтері босап қалғандықтан, қалған 5 отбасына басқа мекенжайға уақытша көшу ұсынылған. Алайда тұрғындар көшуден бас тартқан.
Қазіргі таңда мұқтаждық есебімен есепте тұрған отбасыларға арнап 135 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Пәтерлер құрылыс аяқталған соң кезектілігімен табысталатын болады.
Азаматтарды толғандырған тағы бір өзекті мәселе – Қыдыров көшесі бойынша орталық кәріз жүйесін жүргізгеннен кейінгі жолдардың сын көтермеуі. Аталмыш көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қыркүйек айында пайдалануға берілді.
Айта кетейік, Қыдыров, Тайманов, Жанкент, Дәстүр көшелеріне ұзындығы 7 шақырым болатын орташа жол жөндеу жүргізілген болатын.

БӨЛІСУ