ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ: ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІ, ӘДІСТЕМЕЛЕР, ИННОВАЦИЯЛАР» ОБЛЫСТЫҚ ТӘЖІРИБЕ АЛАҢЫ ӨТТІ

Қызылорда облысы білім басқармасының «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығы, қосымша білім беру бөлімінің жылдық жұмыс жоспарына сәйкес Мүлкаман Қалауов атындағы Қызылорда қалалық өнер мектебінде «ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ: ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІ, ӘДІСТЕМЕЛЕР, ИННОВАЦИЯЛАР» тақырыбында қосымша білім беру педагогтеріне арналған облыстық тәжірибе алаңы өтті. 

Іс-шараға өнер және музыка мектебінен 86 педагог қатысты. Тәжірибе алаңын ұйымдастырудағы мақсаты — әрбір баланың жеке-дара ерекшелігі мен қабілеттерін ескере отырып, интелектуалды дамуы мен шығармашылық қабілеттерін шыңдау. Озат педагогикалық тәжірибе алаңын құру арқылы оқу-тәрбие жұмысын үздіксіз дамыту және жетілдіру.
Бағдарлама мазмұнына сай шығармашылық-әдістемелік көрмелер, фольклорлық ансамбльдің орындауында қазақ күйлерінің топтамасы, өнер мектебі педагогтерінің халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі жетістіктер көрмесі және «Ұлттық құндылықтар — тәрбиенің түп қазығы» тақырыбында қолөнер көрмесі таныстырылды.
Пленарлық отырыста тәжірибе алаңының кіріспе сөзі Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының директоры Ф.Досаевқа беріліп, іс-шараға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асырып, білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтарды айқындайтын «БІРТҰТАС ТӘРБИЕ БАҒДАРЛАМАСЫ» 2024-2025 оқу жылынан бастап қосымша білім беру ұйымдарының жұмыс жоспарында көрініс тауып, барлық салаларын қамтып отыр. Біртұтас тәрбие бағдарламасын енгізу туралы 2024 жыл, 30 шілдедегі №194 бұйрықпен қоса балаларға қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдардың қызметтерін реттейтін заңнамалық және нормативтік құқықтық негіздері таныстырылды. Әдістемелік алаң мазмұны секциялық 3 блокты қамтыды: І. «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі »; ІІ. «Ұлттық аспап – ұлт мәдениетінің мәйегі»; ІІІ. «Ұстаз біліктілігін арттыру — уақыт талабы»
Тәжірибе алмасуға келген мамандар өз салалары бойынша шеберлік сыныптарға бөлініп, іс-тәжірибе алмасты.
Тәжірибе алаңына қатысушылар өз кезегінде жылы лебіздері мен алғыстарын айта отырып, шеберлік сыныптарына кері байланыс берді. Іс-шара соңы марапаттау рәсімімімен және салтанатты мерекелік бағдарламамен жалғасын тапты. Барлық қатысушыларыға сертификат табысталды.

БӨЛІСУ