Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы өтті.

Форумға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған облыс делегациясы қатысуда. Делегация құрамында Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ералиев, Имамзада Шағыртаев, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, саланың және 50-ден астам шаруа қожалығының басшылары бар.
Президент Жарлығымен Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жемісті еңбегі, отандық ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін Сыр өңірінің еңбеккерлері де «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Адал ісімен көпке үлгі болған, ерте көктемнен егіс даласында тер төгіп, жоғары жетістіктерге жеткен еңбек адамдары марапат төрінен көрінді. Олардың қатарында Қазалы ауданындағы «РЗА Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс бригадирі Балғазы Томай бар.

Сонымен қатар, Жалағаш ауданындағы «Агрохимсервис-С» ЖШС директоры Сергей Ким «Құрмет» орденіне, Қармақшы ауданындағы «Ақжар» шаруа қожалығының егіс бригадирі Қанат Төралиев, Арал ауданындағы «Қуаныш» шаруа қожалығының жұмысшысы Төрехан Бердімағамбетов, Шиелі ауданындағы «Халықберді» жеке шаруа қожалығының күрішшісі Жұмабек Бүрісов «Ерен еңбегі үшін» медаліне лайық деп танылды.

“Қазақта «Еңбегіне қарай – өнбегі» деген сөз бар. Мұны, ең алдымен, ауыл халқының ерен еңбегінің жемісі деуге болады. Мемлекет тарапынан да тиісті жұмыс жүргізілді, қажетті көмек берілді. Қазір елімізде жаңа экономикалық бағдар аясында нақты шаралар қолға алынып жатыр.

Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде инфляция деңгейі төмендеді (биылғы қазан айында жылдық инфляция 8,5 пайызды құрады), сондай-ақ ұлттық экономиканың өсімі 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында 4 пайыздан асып, жақсы қарқын алды. Мұнайдан тыс салаларды дамыту арқылы оң динамика байқалады. Бұл – маңызды үдеріс. Ішкі жалпы өнім өсімінің үштен екісінен астамы сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен ауыл шаруашылығына тиесілі. Осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыру керек.

Қазақстан шет елдерден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр.

Биыл жетекші халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның қазіргі несие рейтингі инвестициялық сенімділік деңгейінде тұрғанын растады. Қыркүйекте Moody’s агенттігі Қазақстанның ұзақмерзімді рейтингін «Тұрақты» деңгейіне көтерді. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтиже,-“ деді Президент.

БӨЛІСУ