Биыл Қазалы ауданында елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оған дәлел қазіргі таңда ауданға қарасты Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев елді мекендеріне магистральды газ құбыры тартылып, Ақтан батыр ауылына орамішілік газ желілерін жүргізу жұмыстары жасалуда.

Мердігер мекеме «Отау – Строй» ЖШС тарапынан жүргізіліп жатқан 5 ауылға тартылатын газ құбырының жалпы ұзындығы 56,8 шақырымды құраса, қазіргі таңда оның 12 шақырымына газ желілері жүргізілді.

Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Зинабдинұлы магистральды газ құбырларын және Ақтан батыр ауылына орамішілік газ желілерін жүргізіп жатқан мердігер мекемелердің басшыларымен кездесіп, газдандыру жұмыстарының сапасын бақылады. Сондай-ақ күн жылы уақытта жоспарланған жұмыстарды мерзімінде бітіріп, биылға жоспарланған қаржыны игеру қажеттігін нықтады.

Айта кету керек, бұл жұмыстардың барлығы толығымен аяқталғаннан кейін жалпы аудандағы елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 68 пайызды құрамақ.

Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда Сырдария өзеніндегі су деңгейі қалыпты. Алайда алда мұз қату кезеңіне дейін әлдеде су деңгейі көтерілетіні анық. Осыған сәйкес бүгінгі таңда Сырдария өзенінің аудан аумағындағы су шайып кету қауіпі бар қорғаныс бөгеттерін күшейту жұмыстары жүргізілуде.
Сондықтан аудан басшысы Сырдария өзенінің бойында орналасқан Шитүбек елді мекенінен бастап Қазалы қаласы маңындаға қорғаныс бөгеттеріне дейін аралап, олардың жай-күйін білді. Бірқатар аумақтардағы бөгеттерді қайта қарап шығып,қажеттілігіне қарай қорғаныс бөгеттерін әлде де күшейтуді тапсырды.

БӨЛІСУ