Облыс әкімінің қолдауымен қаланың тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарына жауапты «Қызылорда тазалығы» және «Жасыл Қызылорда» мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Биыл арнайы техниканың 47 данасы сатып алынды. Қосымша қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Қазіргі таңда жаңарған техникамен жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді.
Бүгін қала әкімі Нұржан Ахатов «Қызылорда тазалығы» мен «Жасыл Қызылорда» мекемесінің техникалық базасына барып, арнайы техникалардың қысқы мезгілге дайындығын пысықтады. Сонымен қатар, коммуналдық мекеме басшыларына қысқы маусымда коммуналдық қызметтің іркіліссіз жұмыс жасауын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
– Қар жауғанда және көктайғақ кезінде қала көшелеріндегі көлік қозғалысының, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолдарды уақытылы тазалау керек. Сол үшін қыс мезгіліне инертті материалдарының қоры, арнаулы қар жинақтау полигондарының жасалуы, жанар май қоры, жүргізушілер мен жол жұмысшылары санының жеткілікті болуы реттеліп отыруы қажет, – деп шаһар басшысы нұсқау берді.
Айта кету керек, «Қызылорда тазалығы» мекемесінде 154 дана техника бар. Оның қысқы кезеңге қатысатын 57 арнайы техникасы сақадай-сай. Сонымен қатар, мекеме базасында 2 310 тонна құм-тұз аралас қоспасы жинақталған. Қардан тазарту жұмыстарын атқару 2 ауысым бойынша жүргізіледі. Оған 270 жұмыс күші тартылады.