Бүгін Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның кезекті отырысы өтті. Оған палата төрағасы Айдос Сарым жетекшілік етіп, Мәжіліс вице-спикерлері Альберт Рау мен Дания Еспаева қатысты. Отырыста еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру және сайланған аудан, ауыл округтері әкімдерінің жұмыс тәжірибесі талқыланды.
Жиынды ашқан Айдос Сарым Қоғамдық палатаның VIII шақырылымдағы алғашқы отырысында Мәжіліске Үкімет енгізген жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасының қаралғанын еске салды. Дегенмен депутаттар мен қоғам белсенділерінің сынынан кейін бұл жоба уақытша тоқтатылып, кейін кері қайтарылған болатын. Соған қарамастан, осы саладағы заңнаманы реформалау қажеттігі әлі де күн тәртібінде тұр.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі Үкімет шаралары туралы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндады. Ол сайлау жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобалары әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Талқылау барысында отырысқа қатысушылар өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев жергілікті деңгейдегі маңызды мәселелерді шешу үшін қала және ауыл тұрғындарының қатысуымен жергілікті референдумдар өткізуді, сондай-ақ аудан, қала және ауыл округтерінің даму жоспарлары мен бюджеттері бойынша қоғамдық тыңдаулар ұйымдастыруды ұсынды.
Айдос Сарым күн тәртібіндегі екінші мәселе де жергілікті өзін-өзі басқару проблемаларымен тығыз байланысты екенін айтты. Соңғы жылдары әкімдердің сайлануын қамтамасыз ету бағытында тұрақты жұмыс жүргізілуде. Бұл үдерісте алғашқы тәжірибелер де бар. Исатай ауданы Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжіденова мен Атбасар ауданы Полтав ауылдық округінің әкімі Гюзаль Байтурова өз тәжірибелерімен бөлісті. Өз кезегінде саясаттанушы Данияр Әшімбаев әкімдердің сайлану жүйесіндегі кейбір кемшіліктерге тоқталды.Толығырақ parlam.kz сайтында.