Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин жаңа электр орталығың жұмыс барысын баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша электр орталығындағы негізгі қондырғыларды дайындауға шетелдік компанияларға тапсырыс беріліп, бүгінде газотурбиналық қондырғылар мен жылу қазандығы құрылыс алаңына жеткізілген. Жаңа жылу электр орталығы облыс аумағын электр энергиясының қажеттілігін толығымен қамтып, артылғанын басқа өңірлерге жіберуге мүмкіндік береді.
-Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығы құрылысы жүргізілуде. Жобаның инвесторы «Акса Энерджи» түрік компаниясы болып табылады. Бүгінгі таңда инвестор тарапынан жылу орталығының құрылысына инвестиция салынды. Станцияны 2025 жылдың 4 тоқсанында іске қосу жоспарлануда,- деді басқарма басшысы.
Өңір тұрғындарын 1964 жылы пайдалануға берілген ЖЭО жылумен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі таңда жабдықтың тозуы 75%-ды құрайды. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне 2 949 нысан, оның ішінде 808 көппәтерлі үй қосылған. Биыл осы объектілерді ыстық сумен қамтамасыз ету үшін Президент қойған міндетті іске асыру шеңберінде Үкімет резервінен 11 млрд теңге, қалалық қазандықтарды жөндеуге тағы 2 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бағытталды. Қабылданып жатқан шаралар жылу трассаларының тозуын 42%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Жалпы құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Нысанды 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда инвестор жобаны іске асыруға 70 млрд теңгеден астам инвестиция салды.
Бұдан бөлек, бюджет есебінен жылу электр орталығын газбен қамтамасыз ету жобасы іске асырылуда. Бүгінгі күнге жұмыстар 80 пайызға орындалды.