ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келіп, аймақтың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда атқарылған жұмыстарды көрді, тұрғындармен кездесті.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алдымен сол жағалаудағы жаңадан ашылған автовокзал жұмысымен таныстырды. Жаңа автовокзал – халықтың талап-тілегі мен сұранысына сай салынған жаңа нысан. Мұнда жолаушылар мен жүргізушілерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай қарастырылған.
Жолаушылар осы жерден халықаралық және түрлі бағыттағы 38 бағытқа сапарға шыға алады. Тәулігіне 200 жолаушыға қызмет көрсетілетін ғимарат аумағына жолаушыларды түсіруге арналған 6, сапарға шығатындарға арналған 11 перрон жасалған. Автобустарға арналған қосымша 30 орындық автотұрақ бар.
Әрі қарай министр жолаушылар тасымалы қызметін одан әрі жетілдіруде, қоғамдық көлік мәселесін шешуде атқарылған жұмыстармен танысты.
«Экотакси» қызметін ұйымдастыру үшін «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не «JAC EJ7» маркалы 100 электромобиль сатып алынды. Бүгінде 52 электромобиль қала тұрғындары мен қонақтарына күнделікті қызмет көрсетуде, 48 көлікті мемлекеттік тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Элекромобильдер үшін «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің базасында 5 қуаттағыш қондырғы, «Qazaq Energy Charge» компаниясы қаланың бірнеше жерінде қуаттау бекеттерін орналастырған.
2022-2024 жылдары Қызылорда қаласының қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы табиғи газбен жүретін 300 «Yutong ZK6852 HG» автобусы алынды.
Мұнан бөлек, министр «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» жолының жалпы ұзындығы – 424 шақырым, ал Қызылорда облысының аумағындағы бөлігі – 216 шақырым. Қазір құрылыс жұмыстары 65 % аяқталып, жыл соңына дейін 140 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған. Негізі аталған автомобиль жолының құрылыс кезеңі 2022-2026 жылдар аралығын қамтиды.
Марат Қарабаев «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту республикалық маңызы бар жоба екенін, құрылысты сапалы жүргізудің маңызын атап өтті.