Арал ауданындағы өзендердің төменгі ағысындағы тұзды күмбездер мен сорлардың литий құрамының өнеркәсіптік әлеуетін анықтау мақсатында далалық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу барысында геохимиялық талдау сынағы тексеріліп, нәтижесі бойынша тапсырыс берушіге тиісті есептер тапсырылады. Жұмыстар 2023 жылдың ІІ тоқсанында басталып, 2025 жылы аяқталатын болады.
Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 440 млн теңге қарастырылған. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті.
Одан бөлек, Қызылорда облысы мұнай, газ, полиметалл кендері мен уранды қоса алғанда, минералды шикізат және сирек кездесетін металдар ресурстарының елеулі әлеуетіне ие аймақ. Мысалы, Шалқия полиметалл кен орнында С2 санаты бойынша 1 433,3 тонна германий техногендік минералдық түзілімдер ретінде қорлары бекітілген.
«Баласауысқандық» ванадий кен орнында 15 336 тонна молибден қоры бар және де уран кен орындарында болжам бойынша 80 926 тонна селен қоры табылған. Сондықтан, тау-кен металлургия кешенін дамытуға ұзақмерзімді стратегияны әзірлеу бойынша аталған сирек кездесетін металдарды өндіру мәселесін қарастыру бойынша орталық органдармен тиісті жұмыстар жүргізілуде.