НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Арал, Қазалы аудандарында салынып жатқан мектептердің құрылыс жұмыстары барысымен танысты.

Шахмардан Асқарұлы Арал қаласындағы 300 орындық мектептің және Қазалы ауданы, Жанқожа батыр ауылындағы №94 апатты мектептің орнына салынып жатқан 300 орындық білім нысанының құрылысы басында болып, құрылысты мерзімінде аяқтаудың әрі сапалы етіп салудың өте маңызды екенін қатаң ескертіп, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.

Айта кету керек, Ұлттық жоба аясында өңірде 6900 орындық 10 мектептің құрылысы басталған. Қазіргі таңда 9 мектептің құрылысы жүргізілуде. Алғашқы 900 орындық мектеп Қызылорда қаласының Сол жағалауынан қазан айында ел игілігіне табысталды. Мектептердің 5-уі облыс орталығында, 5-уі аудандарда тұрғызылуда.

Қазалы ауданы, Жанқожа батыр ауылындағы 300 орындық жайлы мектеп желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Жалпы биыл өңірдің білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд 100 млн теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,2 пайызын құрады. Ұлттық жоба аясында 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салынады. Осы жобамен өңірімізде 12 300 орынға лайықталған 21 мектеп салу жоспарланған, оның 10-ның құрылысы басталды. Жобаны іске асыру арқылы аймағымыздағы 4 апатты және 3 бейімделген мектептің мәселесі шешіледі. Республикалық бюджеттің тікелей қаржыландыруымен, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен, 6 млрд 851 млн теңгеге салынған облыстағы алғашқы 900 орындық «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілді. Бұл ғимарат Қызылорда қаласының сол жағалауы тұрғындарының мемлекеттік мектепке деген сұранысына толық жауап береді. Білім ордасында шәкірттердің толыққанды білім алуына, ұстаздардың шығармашылықпен еңбек етуіне барлық жағдай жасалған.

Қызылорда облысы әкімдігінің айтуынша жыл соңына дейін 12 жаңа мектеп және 4 мектеп жанындағы қосымша құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі. Өткен жылы 1 170 орындық 4 мектеп, осы жылдың басында 550 орындық 2 мектеп ел игілігіне берілді. Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында Шиелі ауданында «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қорының қаржыландыруымен 100 орындық, Жаңақорған ауданында жергілікті бюджет есебінен 150 орындық мектептер ел игілігіне табысталған.

БӨЛІСУ