ҮЗДІК ПЕДАГОГ: АЙМАҚТЫҢ БАС ҰСТАЗЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ҮЗДІК ПЕДАГОГ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

 Мәншүк Маметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің базасында республикалық “Үздік педагог” байқауының жеңімпаздары атанған аймағымыздың 6 ұстазына құрмет көрсетілді.

Іс-шарада сөз алған басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы жеңімпаз атанған барша ұстаздарды құттықтап, сала қызмет­керлерінің жұ­мы­­сына жеміс, еңбегіне табыс тіле­ді.

Мұнымен бірге, басқарма басшысы ұзақ жылғы еңбектің нәтижелерін жинақтап конкурсқа құжат тапсырып, республикаға танымал педагогтер алдында сабақ беріп, өзінің нағыз “шығармашыл педагог” екенін дәлелдеу қажырлы еңбекті талап ететіндігін атап айтты. 2012 жыл­дан бастап өткізіліп келе жат­қан “Үздік педагог” байқауының жеңімпаздарына 1000 айлық есептік көрсеткіш (3,6 млн теңгеден аса) көлемінде сыйақы тағайындалған. Бұл қолдаулардың барлығы ұстаздардың ел игілігіне, адам капиталын қалыптастыруға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз адал еңбегінің мемлекет тарапынан еленуінің айқын дәлелі”,-деді Асқарбек Темірбекұлы.

Кейінгі жылдары “Үздік педагог” байқауына қызығушылық арт­қан. Қа­ты­сушылар арасында педагог-шебер, педагог-зерттеуші секілді ең жоғары санаты бар мамандарды көп кездестіреміз. Аймақ бойынша облыстық кезеңге биыл 20-дан аса қатысушы бақ сынап, 6 ұстаз жеңімпаз атанып отыр. Қомақты сыйақысы бар мұндай байқау педагогтерді ынталандырып, жұмысына деген құлшынысын арттыра түсетіні анық.

Қарлығаш Дауылбайқызы биылғы “Үздік педагог” байқауының жеңім­пазы атанды. Ол Қызылорда қаласындағы Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп – интернатының “педагог – зерттеуші” санатты математика және физика пәнінің мұғалімі. Педагогика ғылымдарының магистрі. “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісінің иегері, республикалық “Педагогикалық идеялар фестивалі” конкурсының І-орын иегері, физика және математика пәндері бойынша бірнеше әдістемелік құралдардың авторы. Оқушылары математикадан Азия -Тынық мұхиты Халықаралық олимпиадасының, “Tuymada” халықаралық олимпиадасының, республикалық ғылыми жобалар конкурсының, республикалық Президенттік олимпиадасының жеңімпаздары. Педагог сайыстың қиын болғандығын, білікті ұстаздардың арасынан суырылып шығуына аймақтағы әріптестерінің сенімі сеп болғанын айтты.

Ал, Арыстанбекова Гулзира Ізінбекқызы — М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы. “Білім беру ісінің Құрметті қызметкері”төсбелгісінің иегері, “Ұлттық тестілеу орталығы”РМҚК Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды ұлттық біліктілік тестілеуге арналған тест жұмыстарының сарапшысы. Студенттері — республикалық “WorldSkills Kazakhstan” кәсіби шеберлік чемпионатында “Кіші сыныптарды оқыту” құзыреттілігі бойынша алтын медаль иегері. Гүлзира Ізінбекқызы байқауға жастар­ды шабыттандырып, мұ­ға­лім мамандығына қызығу­шы­­лы­ғын арттыру үшін қатыс­қандығын, бұл жолда жетістіктің шыңы артыңнан із қалдырушы, өзің­нен кейінгі әріптестерін жанашырлықпен тәрбиелегенің, оларға жақсы үлгі бола білгенің жеткізді.

Салтанатты іс-шарада «Үздік педагог» атанған ұстаздар облыстық білім басқармасы басшысының «Алғыс хаттарымен » марапатталды.

БӨЛІСУ