КҮН ТӘРТІБІНДЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Бүгін аудан әкімі Мажит Самитовтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті. Мәжілісте су тасқыны кезеңіне дайындық барысы және тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәселелер қаралды.

Атап айтқанда, қыс-көктем мезгілдерінде су тасқынының алдын алу бойынша тиісті сала басшыларына құзырлы мекемелермен бірлесіп, жағдай күрделенген кезде жедел жұмылдырудың ұйымдастырылуын, төтенше жағдай кезіндегі эвакуациялық іс-шараларды пысықтау міндеттелді. Сонымен қатар, су тасқыны кезеңіне күштер мен құралдардың толық дайын болуы тапсырылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Жаңақорған кентінде салынуы жоспарланған тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигонның жоба-сметалық құжаттарын жыл аяғына дейін мемлекеттік сараптамадан өткізіп, келесі жылға құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін бюджетке өтінім беруді тапсырды.

Сонымен қатар, Өнеркәсіптік даму қоры арқылы қаржыландыруы жоспарланған «Комхоз Жаңақорған» ЖШС-нің қоқыстарды сұрыптау орталығы жобасының 1-ші кезеңінен аудандар арасында алдыңғы болып өткенімен 2-ші кезеңінен өтуде жұмыстар баяулап қалғанын ескертіп, 1 апта ішінде құжаттарды толықтырып, қайта тапсыру қажеттігін айтты.

Аудан әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылған тапсырмалардың уақытылы және сапалы орындалуын бақылау сала бойынша жауапты аудан әкімінің орынбасарларына жүктелді.

БӨЛІСУ