«AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен ауданның Шаған, Нағи Ілиясов ауылдық округінде мобильді топпен көшпелі қабылдау өтті.
Қабылдауға «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, партияның Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, аудандық мәслихат депутаттары, басқарма басшыларының орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты.
«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы, жоспары, жобалары халықтың ұсыныс-тілегінің негізінде әзірленген. Мобильді қабылдаудың да басты мақсаты – тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу және елді мекендердегі тұрғындардың өзекті мәселелеріне құлақ түріп, тиісті деңгейде шешілуіне атсалысу, бағыт-бағдар мен кеңес беру. Мемлекет басшысы да азаматтарға арнап көшпелі қабылдауды жиі өткізіп, шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесу керектігін айтқан болатын. Бүгінгі қабылдауда ауданға қатысты айтылатын мәселелердің барлығы зерделеніп, зерттеліп, нақты жұмыстар атқарылатын болады», – деді қабылдауға келген жергілікті халықпен тілдесу барысында партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов.
Мобильді топпен өткізілген көшпелі қабылдауға Шаған, Ақжарма, Іңкәрдария, Нағи Ілиясов, Шіркейлі, Қоғалыкөл ауылының тұрғындары келіп, сұрақтарын қойды. Тұрғындар әсіресе газдандыру, жол жөндеу, ойын алаңын салу, аяқ су мәселесін шешу, жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу мәселелері мен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өтініш тілектерін білдірді. Әр мәселе бойынша топ мүшелері тарапынан нақты жауап беріліп, хаттамаланды.
«Мобильді қабылдаудың өтетінін «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған хабарландырудан білдім. Бүгін арнайы келіп, жеңілдетілген несие алу жолдарын сұрап, сұрағыма толыққанды жауап алдым. Болашақта кәсіппен айналысу жоспарымда бар. Шағын және орта кәсіпкерлік саласы дамыса, елде жұмыссыздық азаяды. Партияның осы бағыттағы ұстанымын қолдаймын. «Ауыл аманаты» жобасының да тиімділігі мол», – дейді мобильді қабылдауға келген Н.Ілиясов ауылының тұрғыны Тұрсынкүл Тұсмағамбетова.
Ал Шаған ауылының тұрғыны Ертай Тотанов ауыл орталығын абаттандыру жөнінде ұсыныс айтса, Келдібек Аяпбергенов «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойына жылдамдықты шектеу белгісін қоюды сұрады. Мұнан бөлек, Абдолла Атақаев Шіркейлі каналының үстіндегі көпірді жөндеу немесе қайта салу керектігін жеткізді.
«AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ержан Әжікенов пен аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев алдағы уақытта әр мәселе бойынша нақты жұмыстар атқарылатынын, жұмыс жоспарына міндетті түрде енгізілетінін айтты.
Жалпы қос ауылда өткен мобильді қабылдау барысында 30-дан астам азаматтың мәселесі тыңдалды және жауап берілді. Сонымен қатар ауыл азаматтарына түрлі сала өкілдері елімізде болып жатқан заңанамалық өзгерістерге сай анықтама берді.