Бүгін аудан орталығында халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің 100 жылдығы және батыр баба Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдығына, сондай-ақ академик Берекет Кәрібаев пен түркітанушы-ғалым Серікбай Қосановтың 60 жылдығына арналған «Ғасырлар толқынының дарабоздары» атты іс-шаралар бастау алды.

Іс-шара аудан орталығындағы Жанқожа мен Ақтан батыр ескерткішінің алдында батыр бабалар рухына тағзым етуден басталды. Алдымен азаттық жолындағы күресте жанқиярлық танытқан батырларға құран бағышталды.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев, аудан ардагерлері, білім саласының қызметкерлері мен зиялы қауым және жастар өкілдері қатысты. Олар Жанқожа батырдың қаһармандығы мен адалдығын еске алып, тағзым етті.

– «Бұл шара халық жазушысы, қоғам қайраткері, теңізді өлкенің төл перзенті Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойымен қатар келіп отыр. Екі тау тұлғаның еліміз бен өңіріміз үшін орны ерекше. Жанқожа Нұрмұхаммедұлы әділдіктің жақтасы, ел қорғаны, ар-намысын қорғай білген тұлға ретінде екі жарым ғасырдан бері дәріптеліп келеді. Бұл күн — батырдың рухы мен халқына адалдығына тағзым ету сәті. Батырдың ерліктері біз үшін ұлттық мақтаныш пен бірлік, қайсарлықтың символы болып табылады,» — деп, аудан әкімінің орынбасары батырдың ғибратты ғұмырын келешек ұрпаққа өнеге ету парыз екенін атап өтті.

Шарада Жанқожа батырдың ұрпағы Толыбай Орекешов сөз алып, батырдың өшпес ерліктерін еске алды. Жанқожа батырды ұлықтау кезінде оның қарулас, үзеңгілес серігі Ақтан батырдың ерлік істері мен екі батырдың адал достығы атап өтілді. Халқын қорғау үшін біреуі Сырда, екіншісі Қырда жүріп ел тыныштығын күзеткен қос батырдың ерлігі ұрпақ жадында жаңғыртылды.

Шара соңында Жанқожа Нұрмұхаммедұлы мен Ақтан Ақайұлының ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, батыр бабалардың есімдері тағы бір мәрте ұлықталды.

БӨЛІСУ