9 айдың қорытындысы бойынша 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектігі бар жандарға төмендетілген мөлшерлемемен 851 жеңілдікті ипотекалық несие берілді

Үкімет отырысында мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылым мен кедергісіз орта қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов баяндады.

Оның мәлімдеуінше, Министрлік мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және барлық азаматтарымыздың инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізілді.

Бүгінде қолданыстағы нормативтік база мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта құру үшін барлық қажетті талаптарды қамтиды.

Атап айтқанда, қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін:

  • сәулет жобалау тапсырмасында және жобалауға арналған тапсырмада мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік бойынша міндетті талап;
  • сараптама сатысында мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайлар болмаған кезде жобаны кері қайтару;
  • құрылыс кезінде кедергісіз орта бойынша талаптарды орындау;
  • құрылыс барысында кедергісіз ортаны қамтамасыз ету бойынша авторлық және техникалық қадағалау тарапынан бақылау;
  • абаттандыру кезінде кедергісіз ортаны қамтамасыз ету.
  • қолжетімділік жағдайларын жасау үшін пәтерді қайта жоспарлауды көршілермен келісу қажеттілігін алып тастау,
  • мүгедектігі бар адамдардың қолжетімділігі бойынша жобалық сметалық құжаттамадағы жеке бөлім қарастыру;
  • объектілерді қабылдау кезінде әлеуметтік қорғау органдарының қатысуы;
  • бюджет есебінен тұрғын үйлерді жоспарлау және салу кезінде мүгедектігі бар адамдар үшін пәтерлердің кемінде 5% – ын қамтамасыз ету міндеттелген.

Осылайша, мүгедектігі бар адамдардың құрылыс нысандарына қолжетімділігі заңнамамен реттелген.

Сонымен қатар тұрғын үй қатынастары саласында азаматтардың осы санаттары үшін бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.

«Бүгінде елімізде 56 мың бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар және 25 мың мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар тұрғын үй кезегінде тұр. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Министрлік мемлекеттік қолдаудың бірнеше тетігін іске асыруда. Жеңілдетілген ипотекалық несие бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеу үшін азаматтарға тұрғын үй сертификаттары беріледі, олардың максималды сомасы – 1,5 млн теңгеге дейін. Бұл тетік жергілікті бюджет есебінен іске асырылуда», — деді спикер.

Оның айтуынша, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 474,8 млн теңгеден астам сомаға 423 сертификат және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жалпы сомасы шамамен 344,1 млн теңгеге 305 сертификат берілген.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, 2022 жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кезекте тұрған азаматтардың кейбір санаттарына, оның ішінде бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың жеке сектордағы тұрғын үйді жалдау құнының бір бөлігі субсидияланады.

Бүгінгі таңда 9 955 отбасы төлем алады, оның ішінде бірінші және екінші топтағы 854 мүгедектігі бар азаматтар және 703 мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Кезекте тұрған азаматтар жеңілдетілген ипотекалық қарыздарды Отбасы банкі арқылы 2% және 5% төмендетілген мөлшерлемемен ала алады. 2% мөлшерлемесі бойынша несие бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі. Қалған барлық санаттарға 5% мөлшерлемесі бойынша қарыздар беріледі.

9 айдың қорытындысы бойынша 5 746 азамат жеңілдетілген несие алды. Оның ішінде бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар – 851, ал, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар – 644 адам.
«Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларымен қатар Министрлік тұрғын үй саясатын реформалау бойынша жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта Парламенттің екі Палатасының депутаттары бұрын халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы пәтерлерді жекешелендіру құқығын беру бойынша заң жобасын мақұлдады. Қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес бірінші және екінші топтағы мүгедектер коммуналдық тұрғын үйді тегін жекешелендіре алады», — деп мәлімдеді вице-министр.

Бұдан басқа, заң жобасы аясында мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға бірінші кезекті тұрғын үй алу құқығын беру қарастырылған. Осылайша, жоғарыда аталған шаралар мүгедектігі бар азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға ықпал етеді.

БӨЛІСУ