Филиал төрағасы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің отырысына қатысты.
Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы қалпына келтіру жұмыстарының алдын ала қорытындылары «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің отырысында талқыланды. Жиынға өңірден бейнебайланыс режимінде партияның облыстық филиалының Төрағасы Алмасбек Есмаханов, партияның облыстық филиалы жанындағы кеңес төрағасының орынбасары Сәрсенкүл Биқожа қатысты.
Жалпы табиғи апат кезінде алғашқылардың бірі болып, республикалық және аймақтық штабтар құрып, гуманитарлық көмек жинауды ұйымдастырып, оған мыңдаған волонтерлер мен партия мүшелерін тартқан барлық ресурстарды, соның ішінде депутаттық корпус, партия жақтастары мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділерін жұмылдырған «AMANAT» партиясы десек болады. Партияның бастамасымен және қолдауымен Атырау қаласында ұзындығы 20 шақырымнан асатын су тасқынына қарсы дамба да салынды. Бұл жұмыстарды жиынға қатысқан «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев атап өтті. Партия Хатшысы сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында су тасқынына қарсы жұмыстарға саяси партиялардың қосқан үлесін жоғары бағалағанын еске салды.
Ел үшін қиын-қыстау кезеңде сырбойылықтар да бірлік пен ынтымақтың маңызды екенін көрсетіп, облыс әкімдігі, партия, жергілікті меценаттар бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жалпы сомасы 50 млн астам қаржыға 120 тонна азық-түлік, киім-кешек және тұрмысқа қажетті заттар, дәрі –дәрмек, құрылыс материалдары секілді гуманитарлық көмек жіберді.
Атап өту керек, төтенше жағдай орын алған аймақтарды Мемлекет басшысы өзі көріп, мәселені тікелей бақылауына алып, Үкіметке зардап шеккен тұрғындарға барлық көмек көрсетілуін тапсырған болатын. Қазіргі таңда республика бойынша 9 мыңнан астам үй жөндеуден өтіп, баспанасыз қалған отбасыларға арналған 8,5 мыңнан аса жеке үй мен екінші деңгейлі нарықтан пәтер сатып алынған. Бүгінгі күні тұрғын үй мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.