Кез-келген облыс әкімінің алдындағы басты міндеттердің бірі – халық арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету арқылы олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, сонымен қатар қоғамда патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдық үрдісін төмендету.

Биыл да жұмыссыздық деңгейін 4,9% деңгейінде ұстап тұру міндеті қойылды. Жұмыссыздыққа жол бермеу үшін ағымдағы жылға «Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» бекітіліп, барлық ұлттық жобалар және кәсіпкерлердің жеке бастамалары есебінен 46,5 мыңға жуық жұмыс орынын ашу жоспарланса, бүгінгі таңда 36,8 мыңға жуық облыс тұрғыны жұмыспен қамтылып, жылдық жоспар 79,2%-ға орындалды. Ашылған жұмыс орындарының 54 пайызы тұрақты жұмыс орындарының үлесінде (19,9 мың).

Мемлекет басшысының әкімдерге әрбір 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын ашу тапсырмасына сәйкес, 8,6 мың жұмыс орны құрылып, жылдық меженің 81,1%-ы орындалды.

Жастардың жұмыссыздығы ерекше бақылауда. Жұмыспен қамту бағытындағы атқарылған шаралардың нәтижесінде осы жылы көрсеткіш 3,4%-ға дейін төмендеді.

13 368 жас азамат әртүрлі шаралармен қамтылды:

  • жұмыс берушінің сұранысына сәйкес 89 жас азамат қысқамерзімдік курстарға жолданды;
  • 974-і онлайн курстарды және 1 427-і «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсын оқыды (оның 1 162 жобасын қорғады, 11 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 64 грант алды);
  • 10 270-і жұмыспен қамтылды: 4 300 жас азамат еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарына, 5 970-і субсидияланған жұмыс орындарына жолданды;
  • 608 азамат өз кәсібін ашуға мемлекеттік қайтарымсыз грант алды.
БӨЛІСУ