Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов жұмыс сапарымен Қазалы ауданына келіп, аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбетпен және облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Имандосовпен бірге құрылыс нысандары мен абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Алдымен бүгінде құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған Кәукей ауылындағы 100 орындық ауылдық клубты көрді. Облыстық мәслихат төрағасы қандай құрылыс жұмыстары жүргізілсе де ең әуелі оның сапасына аса мән беру қажеттігін айтып, ауылдық клубтың құрылыс жұмыстарында орын алған бірнеше кемшіліктерді мердігер тарапынан шұғыл сапалы етіп аяқтауды тапсырды.
Мұнан соң аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі орталық алаң мен «Жеңіс» саябағына барып, онда жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын көрді. Мұндағы жасалып жатқан абаттандыру жұмыстары мен алда жасалатын жұмыстардың жобасын аудан басшысы мәслихат төрағасына таныстырып өтті.
Алдағы уақытта жоспарға сәйкес Әйтеке би кентіндегі Орталық алаң мен «Жеңіс» саябағы қайта жаңғырып, онда ойын және спорт алаңдары, бассейн, түрлі демалыс орындары, кәсіпкерлік нысандар және басқа да аудан тұрғындары мен қонақтары үшін бірқатар нысандардың құрылысы жүргізілмек.