Бүгін Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде аумақтық басқарма басшылығының қатысуымен 9 айдың қорытындысы бойынша алқа мәжілісі өтті. Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды – мемлекеттік тапсырыс жоспарының орындалуы, қала көлемінде иммундау жұмыстарының барысы мен проблемалық сұрақтар, Ақжар елді мекенінде бруцеллез ауруының эпидемиологиялық ахуалы талқыланды.
Алқадан кейін құқықтық семинар ұйымдастырылып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшінің әдебі, қызметтік автокөліктерді пайдалану мен жолда жүру ережелері бойынша бұзушылықтарға жол бермеу бағыттарында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Құқықтық семинарға арнайы шақырылған Экономикалық тергеу департаментінің өкілі М. Оралбаева өз баяндамасында құмар ойындар мен қаржылық пирамидаларға қатысты мемлекеттік қызметшілерге заңмен белгіленген шектеулер туралы айтып өтті.