Бүгін «Еуразия» спорт кешенінде дәстүрлі Қазақстан мұғалімдерінің бесінші республикалық спартакиадасы өз мәресіне жетті. Спорт сайысының ақтық кезеңінде Оқу-ағарту министрлігінің бас сарапшысы Жахин Қалкен Елеукенұлы, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мұқашева Айгүл Мақсатқызы болды.
Бәсі биік спорт бәсекесінің жабылу салтанатына қатысқан басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы бірлік пен ынтымаққа негізделген айтулы шарада белсенділік танытып, заманауи ойын түрлерімен қатар, асық ату, бес асық секілді ұлттық ойындарымызды насихаттап жүрген барша ұстаздарға алғысын білдіріп, алты алаштың басы қосылғанда төрден орын алатын ұстаздардың алаштың анасына баланған Қызылордада бас қосуы өзінің символикалық мәнімен ерекшеленетінін атап айтты.
Естеріңізге сала кетсек, 28 қазан күні бастау алған білім қызметкерлері арасындағы қарым қатынасты нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру, ең бастысы мұғалім мәртебесін көтеру мақсатындағы дәстүрлі спартакиадаға еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан білім саласының 921 қызметкері қатысқан болатын.
Аймақтардағы ұстаздар абыройын асқақтатар бәсекеде Сыр ұстаздары командасы екінші жыл қатарынан алғашқы орыннан көрініп, білім мен қатар спорт саласының мерейін үстем етуде.
5 күнге созылған дүбірлі додада спортты жанына серік еткен ұстаздар 7 спорт түрінен атап айтсақ, тоғызқұмалақ, бес асық, асық ату, үстел теннисі, ерлер, әйелдер арасындағы волейбол, футзалдан өткен сайыстарда тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті.
Сайыс қорытындысымен “Бес асық” бойынша Қызылорда облысы І орын, Атырау облысы ІІ орын, Маңғыстау облысы ІІІ орынды иемденсе, “Асық ату” бойынша Жамбыл облысы І орын, Қызылорда облысы ІІ орын, Жетісу облысы ІІІ орынды алды. “Үстел теннисі” бойынша Шымкент қаласы І орын, Ақтөбе облысы ІІ орын, Қызылорда облысы ІІІ орынды иеленді. “Тоғызқұмалақ” бойынша Қызылорда облысы І орын, Ақтөбе облысы ІІ орын, Ақмола облысы ІІІ орын, “Футзал” бойынша Ақтөбе облысы І орын, Алматы облысы ІІ орын, Түркістан облысы ІІІ орынға тұрақтады. Ерлер арасындағы волейболдан І орынды Қызылорда облысы, ІІ орынды Астана қаласы, ІІІ орынды Түркістан облысы, ал әйелдер арасындағы волейболдан Алматы қаласы І орын, Маңғыстау облысы ІІ орын, Шымкент қаласы ІІІ орынды алды.
Жалпы командалық есепте Сыр елінің командасы І орынды, Ақтөбе облысы ІІ орынды, Шымкент қаласы ІІІ орынды қанжығалады. Спартакиада жеңімпаздарына марапаттар мен кубок, қаржылай сертификаттар табысталды.