1 қараша күні өңірде отбасылық құндылықтарды нығайтып, әкелер институтын дамыту мақсатында «Тәрбие – тал бесіктен» атты ІХ Республикалық әкелер форумы өтеді. Форумда отбасының маңызы мен әкенің рөлін айшықтайтын «Ер адамның бейнесін қалыптастырудағы әкенің рөлі: жауапкершілік, батылдық, құрмет», «Отбасы және қауіпсіздік», «Саналы ата-ана» және «Бұқаралық спорт – мықты денсаулық кепілі» деген тақырыптар талқыланатын болады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова мен облыстық әкелер одағының төрағасы Ержан Искендер мәлімдеді.

– Республикалық Әкелер одағының бастамасымен ұйымдастырылатын әкелер форумын өткізу биыл біздің еншімізге тиді. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылдың маусым айында облыста әкелер одағы құрылған болатын. Одақ төрағасы болып сайланған облыстық мәслихат депутаты Ержан Искандер өңірдегі әкелердің мәселесін, олардың отбасындағы орны жайлы маңызды мәселелерді қозғап жүрген қоғам белсендісі. Аймақта өтетін форумға әр аймақтан 150-ге жуық қонақ келеді деп жоспарлап отырмыз,- деді Қаламқас Арыстанқызы.

«Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі ел астанасында 2012 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатыр. Ұйымның негізгі мақсаты – әкелердің балаларды тәрбиелеуге белсенді қатысуын насихаттайды. Әкелерді оқу орындарының қызметіне белсенді қатысуға тартып, әке беделін нығайту мақсатында іс-шараларды өткізуге бағытталған.

– Бүгінгі таңда Одақ құрамында 100-ден астам мүше бар. Аймақтағы әкелер одағымен бүгінгі таңда отбасы құндылығын насихаттау мақсатында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталған форумның бағдарламасы бойынша 31 қазан күні қонақтарды күтіп алып, Сыр елінің көрікті жерлерін көрсетуді жоспарлап отырмыз. Ал, 1 қарашада арнайы келген спикерлер мен модераторлар әке тәрбиесі жөніндегі өз ойларын ортаға салып, қоғамдағы әкенің рөлі мен бала тәрбиесі жөніндегі мәселелер талқыланатын болады,- деді Ержан Искендер.

БӨЛІСУ