Сыр өңірі – ыстық су мәселесі шешілмеген республикадағы бірден-бір аймақ. Осыған орай биыл Мемлекет басшысының қолдауымен Үкімет резервінен 11 млрд. теңге қаржы бөлініп, 186 көпқабатты үйлерге ыстық сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Бүгін шаһарымызда алғаш рет сол жақ жағалаудағы 50 пәтерлік №34-ші көпқабатты үйге ыстық су берілді. Апта соңына дейін Астана мөлтек ауданындағы 13 үйге ыстық су жеткізелетін болады. Бұл туралы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Ыстық сумен жабдықтау басқармасының басшысы Кушенбаев Бауыржан мәлімдеді.
Оның айтуынша, қалған 172 үйдің өжірелеріне бүгінде құбырлар толығымен тартылып, ендігі кезекте пәтерлерге есептегіш құралдар мен тіреуіштер орнатылуда. Дайын үйлерге ыстық су осылай кезекпен қосыла береді. Жалпы қала бойынша ыстық су толығымен жылдың соңына дейін іске қосылатын болады дейді.
Айта кетейік, ыстық сумен жабдықтау жұмыстары қаламызда екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезең бойынша биыл 186 үй, екінші кезеңде 2025 жылы 250 үй орталықтандырылған ыстық сумен қамтылады. Сондай-ақ, ыстық су тек жылу маусымында ғана емес, қысы-жазы толығымен қамтамасыз етіледі.