Қызылордада дәстүрге айналған «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының өңірлік кезеңінің қорытындысы болып өтті. Қазақ тілін еркін меңгерген түрлі этнос оқушылары үшін сайыс тартысты әрі қызықты болды. Тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырған жас дарындар бұл байқауға алғаш рет қатысты. Қобалжу мен қорқыныш болса да, салмақты әрі сабырлы қалпынан таймаған оқушылардың жүзінен жеңіске деген ұмтылыс байқалды. Бастысы, өнерге құштар балалардың талпынысы қуантты.
«Жарқыра, жас дарын!» тақырыбында өткен облыстық байқауда Қызылорда қаласынан және аудан мектептерінен 7 қатысушы бақ сынады.
Маңызы жоғары жобаны іске асыруда жыл басынан бері облыс көлемінде түрлі форматта іс-шаралар өткізілді. Дөңгелек үстел, шығармалар байқауы, ашық диктант, кездесулер, аудан мектептерінің жазғы тынығу лагерлерінде ұлттық және спорттық ойын түрлерінен жарыстар, байқаулар ұйымдастырылды. Жобаға тартылған 1000-нан аса жастар қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтудағы мемлекеттік тілдің маңыздылығын жете түсінді.
Шарада «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Руслан Құрманов «Мың бала» жобасының маңыздылығын атап өтті.
Бұл жоба татулық пен бірліктің, ынтымақтың алтын бастауы екендігін алға тартты.
Өңірлік кезеңде сайыскерлерге облыстық қоғамдық даму басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» КММ директор орынбасары Жаныгүл Ерекешова, Татар этномәдени бірлестігінің белсендісі, №5 мектеп-лицейінің оқытушысы Альфия Шайхутдинова, «Қоғамдық келісім» КММ аға сарапшысы Бауыржан Үсенбаев
төрелік жасады.
Тартысты байқауда бірінші «Таныстыру», екінші «Салт-дәстүр – сан ғасырлық саф мұра» қазақтың салт-дәстүрінен сахнада көрініс қою кезеңі болды. Үшінші «Сиқырлы ұяшықтар» кезеңінде қатысушылар ұяшық таңдау арқылы мақал-мәтелді жалғастырды. Ал төртінші соңғы кезең «Шығармашылық өнер», яғни өлең айту, билеу, көркемсөз оқу, музыкалық аспапта ойнау сынды өнерлерін көрсетті.
Атап өту керек, байқауға қатысушылардың барлығы үлкен дайындықпен келген. Бұл байқауда олар өздерін сан қырынан танытып, қазақ тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін жетік меңгергендігін көрсетті.