Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Ақорда» резиденциясының алдында Республика күніне арналған Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсімі өтті.

Ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырған Республика күнін ел көлемінде атап өту осындай салтанатты шарамен басталуда.

Мемлекеттік ту көтеру рәсімі еліміздің барлық өңірлерінде де жалғасуда. Азаматтардың бойына ерекше патриоттық көңіл-күй сыйлайтын іс-шараға қазалылықтар да белсене атсалысты.

Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбетпен зиялы қауым өкілдері және құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйым өкілдері белсенді жастар қатысты.

Әйтеке би кентіндегі Рәміздер алаңында өткен шараға 600-дан аса тұрғын келді.

Ұлттық мерекеге арналған жиында Мемлекеттік ту салтанатты түрде көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды. Мұнан соң аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, жиылғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

БӨЛІСУ