Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы, «Ақ жол» партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаты Б.Сандыбаевтың төрағалығымен сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Жиынға облыстық мәслихат төрағасы М.Тлеумбетов, облыстық мәслихат депутаттары, тиісті басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде 9 мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі «Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының есебі», «Облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы», «Азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін шарттармен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша беру» туралы алғашқы үш мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы О.Искаков хабарлама жасады.
Одан соң, 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджетке енгізілетін өзгерістер туралы мәселе бойынша 21 қазан күні өткен тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысында облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қ.Мүбараков хабарлама жасап, облыстық бюджетті нақтылау мәселесі бойынша депутаттар тарапынан 65 ұсыныс берілген болатын.
Соған сәйкес, бүгінгі бірлескен отырыста басқарма басшысы Қ.Амангелдіұлы депутаттардың тарапынан болған 65 ұсыныстың ішінде қолдау тапқандарын атап өтті. Мәслихат депутаттары өз кезегінде аталған мәселеге қатысты қосымша ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Ал облыстық әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша ауылдық елді мекендердің саны 230 бірлікті құрайды, 144 ауылдық және поселкелік округ бар. Осыған орай, Қызылорда облыстық әкімшілік-аумақтық құрылысына ҚР Заңнамасын сақтау үшін өзгерістер енгізілу мәселесі қаралды.
Одан бөлек, «Қызылорда облысын басқару схемасын бекіту туралы», «Азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс істейтін мәдениет саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесін айқындау туралы», «Қызылорда облыстық мәслихатының кейбір актілерінің күші жойылды деп тану туралы» күн тәртібіндегі өзге де мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ, соңғы мәселе бойынша облыстық мәслихат төрағасы М.Тлеумбетов облыстық мәслихаттағы Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобын тіркеу туралы мәселе бойынша хабарлама жасап, топ құрамына өз келісімдері негізінде бірқатар облыстық мәслихат депутаттарының кандидатураларын ұсыну жөніндегі шешім жобасын қолдауға ұсынды.
Отырыс соңында күн тәртібіне ұсынылған мәселелердің шешім жобасын сессия қарауына жіберу туралы бірауыздан қаулы қабылданды.
Одан соң, сағат 11.00-де облыстық мәслихат төрағасы М.Тлеумбетовтің төрағалық етуімен мәслихаттың кезекті 17 сессиясы өтті.
Сессия жұмысына облыс әкiмiнiң міндетін атқарушы Б.Жаханов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімі мен облыстық мәслихат аппаратының басшылары, облыстық және аумақтық басқарма басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатысты.
Күн тәртібіне шығарылған 9 мәселенің барлығы өзара талқыланып, депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, тиісті шешімдер қабылданды.

БӨЛІСУ