Бүгін жоспарға сәйкес «Облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия» отырысы өтті.
Комиссия отырысының күн тәртібінде мемлекеттік рәміздердің насихатталуы және қолданылу жай-күйіне облыстық инспекциялық топпен жүргізілген тексеру қорытындысы, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы, Қызылорда қаласы және Шиелі ауданында мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталу барысы қаралды.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған облыстық инспекциялық топ 2024 жылғы 5-29 тамыз аралығында аймақтағы
180 мемлекеттік мекемеге зерделеу жұмыстарын жүргізді. Зерделеу барысында
23 мекемеде кемшіліктер анықталып, 17-і дер кезінде қалпына келтірілсе,
3 мекемеге әкімшілік хаттама толтырылды.
Айта кету керек, жыл басынан бері Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы ірі көлемді 56 шара өткізіліп, 10 мыңға жуық тұрғын қатысты. Сондай-ақ, осы шаралар барысында 2 мың дана Мемлекеттік Ту пайдаланылды.

Республикалық және жергілікті телеарналарда 32 сюжет, 96 материал жарияланып, 16 көрнекі үгіт-насихат құралдары орналастырылған.
​Комиссия қорытындысымен облыстық басқарма басшыларына, Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне, сондай-ақ, аумақтық департамент басшыларына мемлекеттік рәміздердің бекітілген Ұлттық стандарттарға және ҚР басқа да нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес пайдаланылуын, қолданылуы мен орналастырылуын қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.

​Сонымен қатар, 25 қазан – Республика күнін атап өту аясында ақпараттық-имидждік жұмыстардағы бірегейлікті сақтау үшін тиісті тапсырмалар жүктелді.

БӨЛІСУ