Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен актив жиыны өтті. Кадрлық өзгеріске байланысты ұйымдастырылған жиынға аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары қатысты.

Жиында аудан басшысы «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының келісімі негізінде 2024 жылғы 23 қазаннан бастап партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы қызметіне Ақтөре Ибрагимұлының тағайындалғанын айтып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

– «AMANAT» партиясы – үлкен саяси күш және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік орны бар партия. Бүгін партияның Орталық аппаратының келісімі негізінде партияның Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы қызметіне Ақтөре Ибрагимұлы тағайындалуда. Соған сәйкес облыстық партия филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов ауданға арнайы келіп, жаңа тағайындауды партия активіне таныстырды. Аудандық мәслихаттың депутаты Ақтөре Ибрагимұлының есімі, еңбек жолы сіздерге жақсы таныс. Ол бұған дейін журналистика саласында, аудан әкімдігінде еңбек етті. Аудандық газеттің бас редакторы ретінде жемісті жұмыс істеп, ауданның дамуына өз үлесін қосты. Жаңа қызметке тағайындалып жатқан азаматтың жоспарлы жұмыстарды сапалы, уақытылы орындайтынына сенім білдіріп, жаңа жұмысына сәттілік пен абырой тілеймін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Жиында аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов сөз сөйлеп, тілектестігін білдірді.

Айта кету керек, А.Ибрагимұлы 1993 жылы туған, «Болашақ» университетін «Журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2011 жылы республикалық «Қазақстан жолы» газетінде бастап, аға тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 2014-2017 жылдары Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде тілші, 2017-2019 жылдары Сырдария ауданы әкімі аппаратында аударма жөніндегі редактор, аудан әкімінің көмекшісі – баспасөз хатшысы болып еңбек еткен. 2019 жылдан бүгінгі күнге дейін Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы қызметін атқарып келді. Сырдария аудандық мәслихатының VII, VIII шақырылымдағы депутаты, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі.

БӨЛІСУ