Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудан кітапханашыларын қабылдап, Республика күнімен және кәсіби мереке – Кітапханашылар күнімен құттықтады. Мерекелік қабылдауға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кітапхана жұмысын жандандыруға әркез көңіл бөліп келеді. Президент Ұлттық құрылтайда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашуды, оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алатынын жеткізген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен аймақта сала жұмысын дамытуға үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, өңірде түнгі кітапханалар жұмысын бастады. Биылғы Сыр өңіріндегі «Руханият» жылы аясында барлық ауданда «Руханият» орталықтары бой көтеруде. Оның ішінде, тәулік бойына жұмыс істейтін кітапханалар қамтылатын болады.
Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» дейді. Кітап – құнды байлық. Кітапхана – адамдардың өміріне, болашағына ықпал етіп, жақсы бастамаға, жарқын болашаққа жол ашатын рухани қазына ордасы, білімнің киелі шаңырағы саналады. Ал, кітапханашы – бүгінде тек қана оқырманға кітап беріп қана қоймай, күнделікті ақпарат ағынын оқырманға жетелеуші, кітапхананың бай қорын сақтаушы және насихаттаушы. Біз кітапханашылардың еңбегін әрдайым жоғары бағалап, қызметтеріне құрметпен қараймыз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік іс-шарада аудан басшысы сала ардагерлері мен қызметкерлерін «Алғыс хатпен» марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

Қабылдауда аудан аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов, сала ардагері Г.Нұржакиева кітапханашылардың қызық та қиын жұмыстары туралы айтып, мерекемен құттықтады.

Бүгінде ауданда 17 кітапхана жүйесі және білім ошақтарында 17 кітапхана бар. Кітапханалар жүйесінде 400 мыңнан астам кітап қоры қамтылған. Аталған кітап қорларын сақтау және халыққа жеткізуде 50-ден астам кітапханашылар аянбай қызмет етіп келеді. Аудан бойынша оқырмандар саны 18 551-ді құрайды.
Жыл сайын кітап қорлары жаңартылып, кітапхана жұмысы жаңа заманауи техникалармен толықтырылуда. Коворкинг орталығы, тегін интернет желісі және аудио-видео құрылғылар пайдаланушылардың электрондық ақпараттық ресурстармен жұмыс істеуіне мүмкіндік беруде. Аудан кітапханашылары мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға, оның ішінде көзі көрмейтін жандарға кітаптарды бірнеше тілде оқып беретін арнайы құрылғымен қызмет көрсетуде.

БӨЛІСУ