Полицейлер IT-технологияларды пайдалана отырып, алаяқтық әрекеттердің алдын алу бойынша брифинг өткізді.
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Серік Әбдімәуленұлының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.
Брифинг барысында өңірдің тәртіп сақшыларымен интернет – алаяқтықпен күрес бағытында атқарылған нәтижелі шаралары туралы кеңінен айтылды.
Қазіргі уақытта интернет пен цифрлы технологиялардың үздіксіз дамуына байланысты интернет-алаяқтық қылмыстары қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналып отыр және оның түрлері де күн сайын кең таралып келеді.
Облыс көлемінде ағымдағы жылдың 9 айында интернет-алаяқтық қылмыстарының 199 дерегі тіркелген.
Жедел іздестіру шаралары барысында 74 қылмыстық істің күдікті тұлғалары анықталып, істер сотқа жолданды.
Облыстық прокуратура және Полиция департаментімен 22.07.2024 жылы бірлескен бұйрығымен интернет-алаяқтықты ашу бойынша облыс орталығында «CyberPol» жедел тергеу тобы құрылған. Осы топқа 2 прокурор көмекшісі, 3 тергеуші, 2 жедел уәкіл және 1 маман-криминалист енгізілді.
Ағымдағы жылдың III тоқсанында прокуратура органының бастамашылығымен “IT TERGEU” жобасы барысында интернет-алаяқтық қылмыстарын ашуға септігін тигізетін 4 аппараттық-бағдарламалар сатып алынды.
Бағдарламалардың көмегімен жәбірленушілерге келтірілген 200 млн теңгеден астам залал бойынша 81 қылмыс дерегі ашылса, 57 хабар-ошарсыз жоғалғандар анықталып, 53 қылмыскер құрықталды.
Қазіргі уақытта өңірімізде ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері:
– ұялы байланыс операторы ретінде таныстырып, сим картаңыздың жарамдылық мерзімінің өткендігін ескертіп, мерзімін ұзарту үшін ұялы телефонға жіберілген кодты сұрап алып, жеке деректерге қол жеткізеді;
– өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, атыңыздан несие алып жатқанына немесе онлайн-банкті бұзып жатқанына сендіріп, ақшаны арнайы шотқа салуды талап етеді;
– Whatsapp әлеуметтік желісі арқылы жақын таныстарыңыздың фотосуреттерін пайдалану арқылы қарызға ақша сұрайды;
– Әлеуметтік желілерде ақшаны пайыздық мөлшермен көбейту секілді смс хабарламаларға алданып, көрсетілген есеп-шоттарға ақша аудару;
– Түрлі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы акцияға инвестиция салудан жылдам түсетін кірісті жарнамалайды.
Көбінесе интернет алаяқтардан зардап шеккен азаматтар жаңадан пайда болған алаяқтық түрлері мен тәсілдері туралы және олардан өздерін қалай қорғау керектігін білмейді.
Брифинг барысында департамент бастығының орынбасары интернет-алаяқтардың құрбаны болмас үшін келесідей қауіпсіздік шараларын сақтау керектігіне тоқталды.
– Өзіңіздің жеке мәліметтеріңізді, пластик картаңыздың реквизиттерін ешкімге айтпаңыз;
– Аударымдар туралы түбіртекті, кодыңыз бен құпия сөзіңізді тіпті банк қызметкеріне де, полицияға да бермеңіз;
– Белгісіз және тексерілмеген сайттарға жеке мәліметтеріңізді сеніп енгізбеңіз;
– ұялы телефон мен компьютерлерге АниДеск, АирДройд, Кенгуру атты қосымшаларды орнатпау керек, себебі бұл қосымшалар сіздің жеке ақпараттарыңызды бөгде адамдардың алыстан басқарып, қолдануына жағдай жасайды;
-Құжаттарыңызға қол жеткізуді шектеу, құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жолдамау;
-Әлеуметтік желілер арқылы тауарларды сатып алған кезде, төлемді тауар алғаннан кейін аударуға келісуге тырысыңыз;
-Егер сізге банктің менеджері қоңырау соғып, сіздің шотыңызға алаяқтық шабуылдардың жасалып жатқандығын айтып, қорқытатын болса, әңгімені тоқтатыңыз және ақпаратты тексеру үшін банктің call-орталығына хабарласыңыз.
«Егер Сіз алаяқтарға дербес ақпарат беріп қойсаңыз не істеу керек? Шұғыл түрде өз картаңызды бұғаттап, банктік қосымшадағы жеке кабинетіңіздің паролін ауыстыруды кейінге қалдырмаңыз.
Оған қоса, егер алаяқтар сіздің шотыңыздан ақшаны шешіп үлгерсе, дереу өз банкіңізге, сондай-ақ құқық қорғау органдарына жүгініңіз» деді С. Тоқтыбаев.