Қызылорда облысында қызмет бабында қаза болған полицейдің құрметіне «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды.

Бүгін Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы № 47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп – лицейінде Отан алдындағы парызын өтеген батыр да қайсар милиция лейтенанты Бектұрсынов Есентұрсын Бектұрсынұлы атындағы «Жас сақшы» полиция сыныбының ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шараға Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлы, Шиелі ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Мұханов Болатхан Ниязханұлы, Шиелі ауданы полиция бөлімі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкірбекұлы Бақтияр, ардагер Шығанбаев Оңғар, сот саласының ардагері Баймағамбетов Тұрмағамбет, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері және оқушылар қатысты.

Шараны Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлы құттықтау сөзімен ашып, жас өрендердің болашақта құқықтық тәртіпті сақтауда елдің лайықты азаматтары болатынына сенім білдірді. «Жас сақшы» полиция сыныбының мақсат, міндеттеріне тоқталып, ант қабылдау рәсімінде «Жас сақшыларға» куәліктерін табыстады.

Іс-шара барысында ақырғы демі қалғанша антына адал болған қаһарман Бектұрсынов Есентұрсын Бектұрсынұлы өмір жолы туралы деректер айтылып, жиналған көпшілікке оның ерлігі дәріптелді.

Бектұрсынов Есентұрсын 1945 жылдың 22 тамызында Қызылорда облысының Шиелі ауданы «Коммунизм» колхозында дүниеге келген. 1964 жылы Қарулы күштер қатарына шақырылып, қызмет атқарып келгеннен кейін 1968 жылдың мамыр айында Қызылорда облысы Шиелі стансасындағы желілік милиция пунктінің милиционері болып тағайындалған. 1991 жылдың ақпан айынан бастап Қызылорда облысы Тереңөзек, Шиелі аудандық ішкі істер бөлімдерінде учаскелік милиция инспекторы қызметін атқарған. 1992 жылдың 24 шілдесінде қызметтік міндетін атқару барысында мезгілсіз қаза болды.

“Тәртіпке бағынған құл болмас” дегенді ұстана жүріп, қызметінде адал ерлікпен есте қалған Бектұрсынов Есентұрсын Бектұрсынұлы көрсеткен ерлігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.

«Ер есімі – ел есінде. Ақырғы демі қалғанша антына адал болған әріптесіміздің ғибратты ғұмыры мен жанқиярлық ерлігі туралы сыр шертетін «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылып отыр. Батыр әріптесіміздің ерлігі – барлығымызға үлгі, әрі мақтаныш, оның есімі әрдайым жүрегімізде. Кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ батыл да қайсар ағаларының ерлігінен үлгі алып, бой түзейді» деді полиция полковнигі О.Омаров.

Шара соңында арыстандай айбатты, қырандайын қайратты Қызылорда облысы Полиция департаментінің арнайы жасақ қызметкерлері жауынгерлік күрес тәсілдерін көрсетіп, жас өрендер өнер көрсетті.

БӨЛІСУ