25 қазан – Республика күніне орай №55/47 әскери бөлімінде «Біз бір тудың астындамыз» акциясы болып өтті. Ұлттық мерекені ұлықтаған акцияға Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері мен әскери өмірге қызығушылығы бар 100-ден астам жас қатысты.
Жастардың бойында патриоттық сезімді ұялатып, азаматтық белсенділікті арттыруды көздеген іс-шарада жастар әскери бөлімнің базасымен, оның құрылымымен танысты. Кинологтардың дайындығын, қару-жарақтың түрлерін, әскери техникаларды, сарбаздардың жатын орындары, қаңтар оқиғасында қаза тапқан ұлттық ұланның қатардағы сарбазы, III дәрежелі Айбын орденінің иегері Мадияр Қайсаровтың Мәңгілік қатарда арнайы бұрышын көрді.
Әскери бөлім қызметкерлері және жас сарбаздармен сұқбаттасты.
Әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Караманов Берік Азаматұлы, тәрбие бөлімше бастығы Акбаров Тұрсынбай Жолдасұлы және облыстық қоғамдық даму басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ бөлім басшысы Ибраев Мұхтар Айшықұлы әскерге барып, елін үшін қызмет етудің маңыздылығын, әскери қызметкердің мәртебелі маман екендігін алға тартты.
Сонымен бірге, Қорғаныс министрлігі азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында әскери қызметін өткерген барлық азаматтарға Ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай, әскери борышын өтеген соң екі жыл ішінде жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік бар екендігін сөз етті.