Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Отан», «Парасат», «Құрмет»,
І дәрежелі «Барыс» ордендерінің және Ресей Федерациясының «Достық» орденінің иегері, Қызылорда, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының Құрметті азаматы Сапарбаев Бердібек Машбекұлын еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы үстел теннисінен республикалық турнир өз мәресіне жетті.
Кіл мықтылар бас қосқан турнирде еліміздің түкпір-түкпірінен 15 команда, яғни барлығы 183 спортшы күш сынасты.
2010-2012 жылы туған ұлдар арасында өткен жарыста түркістандық Абылайхан Ермаханұлы жеңімпаз атанды. Ал II орын Шымкенттен келген Бекзод Хавазметовке бұйырды. Сол секілді үздік үштікті қызылордалық Азиз Бакуов пен Балымбек Бағдаулет иеленді.
Ал 2013 жылдан төмен туған ерлер арасында Сыр елінің намысын қорғаған Әлем би Айдарбек жеңімпаз атанды.
II орынды Маратұлы Даниал, III орынды Сейілбек Мейрамбек (Түркістан облысы) пен Шаншарханұлы Нұрдәулет (Жаңақорған ауданы) еншіледі.
2010-2012 жылы туған қыздар арасындағы жарыста шымкенттік Қосар Томирис жеңімпаз атанса, II орын Камилжанова Ойдын (Шымкент қаласы), III орын Әлжанова Хадиша (Қызылорда қаласы) мен Аязбаева Айаруға (Қармақшы ауданы) бұйырды.
Айта кетейік, Әлем би Айдарбек Қызылорда қаласынан қатысқан спортшылар арасында жеңімпаз атанған жалғыз спортшы.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге демеушілердің арнайы тағайындалған медаль, кубок және бағалы сыйлықтары табыс етілді.