Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі партияның депутаттық фракция мүшелері Самат Нұртаза мен Максим Рожин «Қорқыт ата» атындағы әуежайдың жаңа терминалымен танысты.
Нысандағы құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Жобаға бағытталған 20 млрд теңгенің 15 млрд 700 млн теңгесі «Болат Өтемұратов» қорынан бөлінген. Жергілікті бюджеттің 4 млрд 300 млн теңгесі инфрақұрылымды дамытуға, абаттандыруға, яғни жылу, су, электр, телефон және кәріз желілерін, автожол жүргізуге жұмсалған. Қазір әуежай және оған іргелес аумақ абаттандырылып, инфрақұрылымдық жүйелердің барлығы жасақталған.
Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Асқарұлы Байманов халық қалаулыларын жаңа терминалмен, ондағы соңғы үлгідегі техника жұмысымен таныстырды.
Бүгінде әуежай маңында «ЭКО такси» және қоғамдық көліктер қызмет етуде. Аталмыш терминал халықаралық стандарттарға сәйкес жасақталған.
Айта кетейік, нысанның құрылысы аймақ басшысының бастамасымен «Болат Өтемұратов» қорының демеушілігімен партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында жүргізілуде.