Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бастау алған болатын. Бұл бастама Сыр өңірінде де жалғасын тауып, 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарлануда. Осыған сәйкес, биыл 10 мектеп, 2025 жылы 11 білім нысаны ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Сол жағалаудағы жаңа мектеп жұмысымен танысқан халық қалаулылары білім ошағының ауқымдылығына, көп функционалдығына және жайлылығына оң бағасын берді.

Мектеп ішінде 3 спорт зал, 240 балаға арналған асхана және түрлі бағыттағы сыныптар жұмыс жасауда. Әр сынып интерактивті тақтамен жабдықталған. Құрылыс барысында қолданылған материалдардың басым бөлігі жергілікті өндірушілердікі.

Білім саласының өркендеуі үшін аймақ басшысының қолдауымен өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның негізінде, биыл білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд 100 млн теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,2 пайызын құрады.

Аймақ басшысының орынбасары Шахмардан Байманов пен партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Болат Керімбек пен Максим Рожинге соңғы жылдары аймағымызда бастау алған жобаларды таныстырды.

Соның ішінде 10 000 жанкүйерге арналған, құны 20,9 млрд. теңгені құрайтын соңғы үлгідегі “Қызылорда арена” стадионының құрылысы бар. Аталмыш стадион “УЕФА” талаптарына сай жасақталмақ. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Сол жағалаудағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен таныстырған аймақ басшысының орынбасары Шахмардан Асқарұлы:

– Стадион басқа да спорт түрлерінен қызмет көрсететін болады. Бұл жақта футбол алаңынан бөлек бірнеше жаттығу залын ашу жоспарлануда,-деді.

Бұдан кейін фракция мүшелері құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Отбасы орталығының» жұмысымен танысты. Бүгінде орталық жас жұптардың неке рәсімінен өтетін, салтанатты шарасын ұйымдастыратын алаңына айналған. Бұл жақта қалыңдық, күйеу жігіт бөлмелері, психологиялық қолдау кабинеттері жұмыс жасауда.

БӨЛІСУ