Қазалы ауданының тұрғындары таң сәріден Әйтеке би кентінің аумағындағы Әбдіраман төбеде бас қосты. Себеп – халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының туғанына 250 жылдық мерейтой қарсаңында ұйымдастырылған ат бәйгесін тамашалау.
Республика бойынша кіл мықты шабандоздар төбе көрсеткен бәйге тартысты өтті.
Аламан десе арқасы қозатын көпшілік ең әуелі тай бәйгесіндегі сәйгүліктердің шабысына куә болды. Мұнан соң құнан, сосын тоқ және аламан бәйгесіне жалғасты. Төрешілердің пәрмені берілгеннен қатар шапқан шабандоздар соңына дейін жарысып, дүйім жұрт айқай-шуға басты. Нәтижесінде үздік шабандоздар жеңіс төрінен көрініп, белгіленген жүлделерге қол жеткізді.
Әбдіраман төбедегі тартысты бәйгені аудан әкімі Мейрамбек Шермаганбет пен мерейтойға жиналған қонақтар және аудан тұрғындары тамашалады.
Айта кетейік, мерейлі мерейтой қарсаңындағы ұйымдастылған бәйгенің көрігін Аламан ашты.
Бұл додада 31 шабандоздар бақ сынасты. Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарлар осы 24 шақырымдық аламан бәйгесінде анықталды. Бұл жарыста бас жүлде шиелілік Жетпісов Ерғалидің «Айналайын» атты сәйгүлігіне бұйырды. Бәйгенің бас жүлдесі автокөлік кілтін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет табыс етті.
Аламан бәйгеде екінші орынды Жамбыл облысынан Қазбеков Мұбарханның «Самалкүреңі» еншіледі. Үшінші орын Арал ауданынан Якудаев Қожабектің «Қозыкүреңі» иемденді. Ал жүлделі төртінші орынды Қазалы ауданы, Абай ауылының атынан шыққан Кадиров Әбілхайырдың «Спартак» атты сәйгүлігі еншіледі.