Бүгін Республика мерекесі қарсаңында және “Алтын күз” мерекесіне орай аудан орталығы – Тереңөзек кентінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Күз несібесі саналатын жәрмеңкеге ауданға қарасты барлық ауылдан азық-түлік, бақшалық дақылдар жеткізіліп, тұрғындарға арзан бағада ұсынылды.
Мерейлі мерекеде өткізілген жәрмеңкені аудан әкімі Берік Сәрменбаев зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, халық қалаулылары және шаруашылық төрағаларымен бірге аралады. Арзан өнімге қол жеткізген тұрғындар өз ризашылықтарын жеткізді.
Жәрмеңкеге ауданнан 55 көлікпен 21,7 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді. 170 тонна өнім базар бағасынан 10-15 пайызға арзан сатылды.
Сондай-ақ, жәрмеңкеде қолөнер шеберлерінің көрмесі және спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Ауданның көркемөнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.