Мемлекет басшысы Премьер-Министр Олжас Бектеновті қабылдады.

Олжас Бектенов:

2024 жылдың үшінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады:

      – Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында экономиканы әртараптандыру шаралары күшейтілген;

      – есепті кезеңде шикізаттық емес секторды дамыту нәтижесінде ішкі жалпы өнімнің өсімі 4 пайызды құраған. Ең жоғары өсімді ауыл шаруашылығы (11,4%), құрылыс (10,1%), көлік (8%), байланыс (6,4%), сауда (6,3%), өңдеу өнеркәсібі (4,8%) салалары көрсеткен. 14 өңірде өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі артқан;

      – биылғы қаңтар-тамыз айларында сыртқы тауар айналымы 91,7 миллиард долларды құраған, оның ішінде экспорттың үлесі 3,3 пайызға көбейген. Оң сауда балансы 34,8 пайызға өсіп, 15,4 миллиард долларға жеткен;

      – ел бюджетіне 14,9 триллион теңге түскен. Әлеуметтік төлемдер бюджет шығысының негізгі бөлігін құрайды;

заңсыз иеленген активтерді қайтару жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы жайында айтты:

      – жыл басынан бері комиссия 450 миллиард теңгеге жуық активтерді қайтару жөніндегі келісімдерді мақұлдаған;

      – бүгінде мемлекетке 265 миллиард теңгені құрайтын активтер, соның ішінде ақшалай 177 миллиард теңге қайтарылған. Барлық қайтарылған қаражат әлеуметтік маңызы зор жобаларға жұмсалып жатыр;

   – «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның субъектілері бірқатар жобаларды, атап айтқанда, мұқтаж адамдарды оңалту және әлеуметтендіру бағдарламаларын, мәдени-білім беру орталығы мен спорттық манеж құрылысын қаржыландыруды бастаған;

Исламабадта өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесі отырысының қорытындысы жөнінде баяндады.
Президент Үкіметтің жұмысын жандандыру қажет екенін атап өтті. Бұл ретте ел экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты өсімін қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенінде инновацияны дамыту, ірі индустриалдық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру шараларын жалғастыруды тапсырды.

БӨЛІСУ