Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қоғамдық палата мүшелерімен кездесіп, алдағы кезеңдегі күн тәртібі мен жұмыстың жаңа форматтарын талқылады..
Отырысты ашқан Мәжіліс төрағасы бір жарым жылдың ішінде Қоғамдық палатада әр сарапшы кез келген мәселе бойынша өз пікірін еркін жеткізетін сенімді әрі іскер орта қалыптасқанын атап өтті.
Сонымен қатар Мәжіліс спикері Қоғамдық палата мүшелеріне Мемлекет басшысының Жолдауында және мәслихат депутаттарының форумында айтылған тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша депутаттық корпустың алдағы ауқымды жұмысы жөнінде ақпарат берді. Банктер туралы жаңа заң, Салық және Цифрлық кодекстер бойынша жұмысқа ерекше назар аударылатын болады.
Мәжіліс төрағасы сондай-ақ қабылданған заңдардың іс жүзінде орындалуы жөнінде қоғамдық палата мүшелерінің пікірін сұрады. Оның ішінде лудомания мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске бағытталған түзетулерді жүзеге асыру да қамтылды.
Жиында Қоғамдық палатаның күн тәртібіндегі өзекті мәселелер – суицидтің көбеюі, жедел медициналық көмек жүйесіндегі проблемалар және басқа да тақырыптарға ерекше мән берілді.
Өз кезегінде Қоғамдық палата сарапшылары осы сессияның күн тәртібіне қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов әлеуметтік бағыттағы өзекті мәселелерге тоқталды. Еуразиялық тұтынушылар одағының басқарма төрайымы Светлана Романовская тұтынушылардың құқықтарын қорғау стандарттарын кеңінен талқылау қажеттілігіне назар аударды. «М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» КАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Ғалым Байтұқ Қоғамдық палатаның беделі артқанын атап өтіп, палатаның өңірлердегі көшпелі отырыстарында талқылау үшін тақырыптар ұсынды.