Биыл «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ құрылғанына 60 жыл. Осы орайда жыл көлемінде түрлі іс шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтсақ облыс көлемінде көркейту көгалдандыру бағытында 600 түп тал егіліп бүгінгі күні жасыл желекке айналуда. Одан бөлек, қызметкерлердің денсаулығына көңіл бөлу, жұмысқа ынтасын арттыру, ауызбіршіліктерін нығайту бағытында спорттық сайыстар өтті.

Сондай-ақ, жақсының аты өлмейді демекші дағдарыс жылдарына қарамастан компанияның дамуы жолында талай ардагер ағаларымыз аянбай еңбек еткені белгілі. Ардагерлеріміздің атын өшірмей жастарға үлгі ету мақсатында өзі қызмет атқарған АЭТ жанына тақтайша ілуді іске алып бұл бағыттағы шаралар Жаңақорған, Шиелі аудандарында өтті.
Күні кеше биылғы жылы атқарылған жұмыстарды ардагерлерге таныстыру бағытында мерекелік шара өткізілді. Шара барысында ардагерлер «60 жылдық» төсбелімен марапатталып облыс әкімінің қолдауымен қаржылық экономикалық негіздеме бағдарламасы аясында Қызылорда қаласындағы электр желілері қайта жаңғырту жұмыстарымен таныстырылды.
Атап айтқанда, 57 дана 10/0,4 кВ қосалқы станцияларын КТПБ типті қосалқы станциясына ауыстыру, 51 дана 10/0,4 кВ қосалқы станция мен орталық тарату пунктілерінің ғимараттарын жөндеу, 57 дана күштік трансформатор, КСО, ЩО электр қондырғыларын ауыстыру, 55 шақырым электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 20 дана коммуналдық қызметке арналған автокөлік, апаттық ағытуларды дер кезінде қалпына келтіруге 9 дана арнайы техникасы сатып алынды. Сондай-ақ, сала қызметкерлерінің айлығы 100 пайызға өсіп халықты сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

БӨЛІСУ